Шекарадағы жағдай: қоршаулар тұрғызу тоқтатылды

img 20210419 wa0055
Бізді әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

“Көптоғай ауылына Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің  тапсырмасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков, облыстық мәслихаттың хатшысы Әлібек Нәутиев пен ҚР ҰҚК Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департментінің бастығы Асхат Ахметов арнайы барды” деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Олар Мемлекеттік шекара бойында орналасқан инженерлік қоршаулар жүргізуге қатысты жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.

Өз кезегінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков “Сіздер айтқан барлық ұсыныстар мен талаптарды облыс әкімі мен тиісті мемлекеттік құзырлы органдарға жеткіземіз. Оны жан-жақты қарап талқылау, зерделеу үшін, әрине, уақыт керек. Шешімі шыққаннан кейін, қосымша хабарлаймыз” деді.

img 20210419 wa0053

Қазіргі таңда тұрғындардың өтініштеріне байланысты малды өзеннен суаруға, балық аулауға және ауыз су ретінде пайдалануға ешқандай кедергі жоқ. Шекара қызметі тұрғызып жатқан инженерлік құрылғылар (қоршаулар) тоқтатылды. ҚР ҰҚК Шекара қызметі Атырау облысы бойынша департаментінің бастығы Асхат Ахметов қоршаулар алынған соң алдағы уақытта Мемлекеттік шекара маңында жайылып жүрген малдарын қадағалаусыз жіберіп, олардың  арғы бетке өтіп кетпеу мәселесіне әр азаматты жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Сондай ақ, ол Мемлекеттік шекара бойында әртүрлі шаруашылық түрлерімен айналысуда, әсіресе балық аулау, мал күтімдері кезінде жалпыға бірдей заң аясында әрекет ету керектігін атап өтті. Бұған қоса ҚР азаматтарына Мемлекеттік шекара белдеулерінде шаруашылықпен айналысуға арналған рұқсаттама рәсімдеу түрлері біршама жеңілдетіліп, электронды түрде қысқа мерзімде жүзеге асырылып жатқандығына да тоқталды.

img 20210419 wa0051