Тасқаладағы түйткіл: КАРЬЕР ҚАЗУ ТОҚТАТЫЛА МА?

Атырау қаласы маңындағы Тасқала ауылына жақын жерде жаңа карьер орны бар. Жуырда жергілікті тұрғындар оның денсаулыққа зиян екенін айтып, «Элитстрой» ЖШС бастаған жұмыстарды тоқтатуын талап етті.

Тұрғындардың айтуынша, бұған дейін де екі карьер бастап қазылып, кейін қараусыз қалған. Қазір де қоқыс жиналатын орынға айналған. Ендеше, жаңа карьер де солардың тағдырын қайталауы әбден мүмкін. Оның үстіне, желді күндері топырақ жоғары көтеріліп, ауылды ақ шаң басып қалады. Тұрғындар топырақ қазу жұмыстарының жүргізілетіні алдын ала айтылмағанын алға тартады.

Оның үстіне, «Элитстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің топырақ таситын жүк көліктері канал үстінен өтетін кішкентай көпірге ауыр салмақ салуда.

Осы орайда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан Арыстан «елдімекендерден бір мың метр қашықтықта жер қойнауын пайдалануға тыйым салынғанын, алайда, кейін 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін қайта «түзетулер» енгізілгенін» айтты. 

Басқарма басшысының айуынша, негізінен карьер аумағындағы көлік қозғалысы мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін кәсіпкер қоршау орнатуы қажет. Әрі қарай тиісті органдар тұрғындар пікірін ескере отырып, кәсіпкермен арадағы даудың шешілуімен айналысады. Сол себепті карьердегі жұмыстарды уақытша тоқтату жөнінде шешім қабылданды.

Жалпы алғанда, елдімекендерге жақын жерден карьер қазуды тоқтату нормативтік құжаттарын өзгерту мәселесі мәжіліс депутаттарының құзырында.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Exit mobile version