АТЫРАУДАСАРАПТАМА

ТЕҢІЗДЕ ТОР ҚҰРУ ҚАЗІР ҚАУІПТІ!..

Теңіз айдынында құрма торларды қолдануға тыйым салынды. Бұл балық шаруашылықтарының наразылығын туғызып отыр. Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов бізбен әңгімесінде қабылданған шешімнің дұрыстығына, мәселенің маңыздылығына балықшылардың көзін жеткізу қажеттігін айтты.

– Өткен жылы елімізде «Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы» қабылданғаны белгілі. Оның басты мақсаты – тауарлы балық өсіруге түбегейлі бет бұру, теңіз суының тартылуы салдарынан орын алып отырған күрделі климаттық ахуалды сауықтыру. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығымен теңіздегі балық ауланатын алаңдарға құрма  торларды құруға тыйым салуға қатысты қабылданған шешімді осыған байланысты жасалған қадам ретінде бағалағанымыз дұрыс. Өйткені, резервтік қорға тор құру балықтарға да, оны аулайтын балықшыларға да, экологияға да қауіп төндіреді. Сондықтан балықшылардың бірыңғай вентер қою тәсілімен балық аулауға көшкені дұрыс деп есептейміз. Мұның бір себебі, егер торға түскен «су маржандары» көбінесе  тұншығып, өліп қалатын болса, вентерді пайдаланғанда оларға мұндай қауіп төнбейді, – деді комитет төрағасының орынбасары.

Барымташыларға тыйым болмай, жағдай оңбайды

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Мәншүк Темешеваның айтуынша, бүгінде қабылданған шаралар бірінші кезекте бекіре тұқымдас балықтар мен Каспий итбалығының популяциясын сақтап қалуға бағытталған. Мемлекеттік саясаттың да басым бағыттарының бірі – жануарлар дүниесінің, соның ішінде, балық ресурстарының биоалуантүрлілігінің жойылып кетуіне жол бермеу болып табылады.

– Қазірде қолданыстағы жүрген, Қытайда шығарылған, сондай-ақ, Ресейден және  Алматы қаласынан жеткізілетін синтетикалық торлар балықтардың өміріне ерекше қауіп төндіреді. Бағасы арзан болғандықтан оны негізінен  браконьерлер сатып алады. Олжасын алғаннан кейін олар торды сол жерде қалдырып кетеді.Су астында шірімей, ұзақ уақыт сақталатындықтан желілер балықтардың қозғалысы мен қалыпты тірлігіне кедергі келтіреді. Ақырында, олардың жаппай қырылуына әкеліп соқтырады. Алынған шараларға қарамастан, әзірге мұндай келеңсіздіктер  тыйылмай тұр, – дейді Мәншүк Аронқызы.

Бұдан бұрын балық қорын қорғаушылар инспекцияларының қызметкерлері браконьерлердің заңсыз түрде ау құралдарын пайдалануына байланысты қоюына  500-ге жуық құқықбұзушылық әрекетін әшкерелеген. Оның нәтижесінде, барлығы 665 бірлік қытайлық ау құралы тәркіленді. Балық барымташылары ғана емес, Жайық-Каспий бассейніндегі балық шаруашылығы субъектілерінің де көп жағдайда пайдаланған ауды құралдарын қайтадан жинап алмайтындығы белгілі болды. су астында қалдыратынына көз жеткізілді. Осындай фактілер негізінен Исатай, Құрманғазы, сондай-ақ, Маңғыстау облысының  Түпқараған, Қарақия аудандары аумағындағы су айдындарында анықталды. «Таза су айдындары» республикалық акциясы аясында 150-ден астам заңсыз салынған желі жиналып, жойылған.

Су деңгейі төмендеп, балық азайды

 «Казэкопроект» ЖШС ғылыми-зерттеу мекемесінің өкілі, биология ғылымдарының докторы Асқарбай Кәмелов қазіргі уақытта Каспий теңізіндегі су биоресурстарының жағдайына байланысты  сын айтты. Осыдан бірнеше жыл бұрын балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары бұған жауап ретінде Жайық өзенінің сағалық кеңістігінен балықтың аулануына тыйым салу арқылы оларды қорғау тәсілін ұсынған.

Өйткені, дәл осы сағалық кеңістік бекіре тұқымдастардың да, басқа балық түрлерінің де уылдырық шашып, өсіп-өніп, көбеюіне, қалаберді қыстап шығуына бірден-бір қолайлы орта саналады. Сөйтіп, суы тұзсыздандырылған, тайыз, қалыпты жылылықтағы суда, азық қоры жеткілікті учаскелерде өскен шабақтар аз аралықта айтарлықтай салмақ қосып, теңіздің тұзды суында тіршілік етуге тез бейімделеді. Сол себепті өзеннің сағалық кеңістігі балықтардың барлық түрінің көбеюінде өте маңызды рөл атқарады.

– Өкінішке қарай, осы мезгілге дейін балықшылар сағалық кеңістіктердің аумағынан әрі аспай, ау құралдарын тыйым салынған аумақтарға құрып, балықтардың табиғи жолмен өсіп-өнуіне ықпал етудің орнына керісінше қарекет жасауда. Сайып келгенде, бұл балықтардың жаппай ауға ілігіп, қорының күрт азаюына әкелуде. Сәйкесінше, мұның өзі балықтардың қозғалысын күрт тежеп, олардың өміріне қауіп төндіретінін жасыруға болмайды, – дейді Асқар Қадірәліұлы.

Оның түсіндіруінше, соңғы 10-12 жылда Жайық өзенінен ауланатын балықтардың көлемі: көксеркеден – 8, торта мен табаннан – 2, аспыдан – 4 және жайыннан – 10 есеге дейін төмендеген. Теңізден ауланатын осындай су маржанының да азайғаны балықтардың байқалады. Бұл үрдісте бағалы балықтардың үлес салмағының аз еместігі сайып келгенде табиғи су қоймаларындағы ихтиофаунаның ыдырауына алып келеді. Түпкі нәтижесінде, Жайық-Каспий бассейніндегі биологиялық ресурстардың азаюына соқтыратын «апатты жағдайды» болдырмас үшін ғылыми-зерттеу мекемесінің мамандары теңізден құрма тормен балық аулаудың мүмкіндіктерін шектеу, біртіндеп оған толықтай тыйым салу қажет деген ұйғарымға келіпті.

Итбалық та – табиғаттың перзенті

Жиында теңіз итбалықтарын құтқару жайына да баса назар аударылды.  Тәуелсіз сарапшылардың ұсынған мәліметінше, 2019 жылы Маңғыстау облысындағы Түпқараған жартыаралынан жалпы салмағы 6,5 тонна қалдық пен 2,9 тоонаға тарта лақтырылып тасталған балық аулау желісі жиналыпты. Былтыр  бұл көрсеткіш 1,6 – 3,8 тоннаны құрапты. Теңіз түбіне тасталған тордан итбалықтардың, құстардың және бекіре тұқымдас балықтардың өлекселері табылған. Алдыңғы жылы Жинап алынған торлардың 56 пайызы ұсақ көзді болса, 44 пайызы бекіре тұқымдас балықтарды аулауға арналған ірі көзді екен. Жөнсіз құрылған ауға түсіп, ажал құшқан  итбалықтар да көп кездескен.

Осыларды негізге ала отырып, өздері жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен бөліскен тәуелсіз сарапшылар тығырықтан шығудың жолдарын нұсқады. Олардың пікірінше, Жағдайды қалыпқа келтіру үшін ең алдымен   қолданыстағы экологиялық және табиғат қорғау заңнамаларды жетілдіру қажет. Екіншіден, құрма торларды қолдануға тыйым сала отырып, ауланатын балықтың көлемін шектеу мен теңіз итбалығының популяциясын сақтау жөнінде зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізу керек. Үшіншіден, балықтардың қорғалуы мен көбеюіне қолайлы жағдай туғызу үшін мемлекеттік табиғи резерват ұйымдастырған жөн. Төртіншіден, теңіз жағалауы мен оның акваториясын жүйелі тазалап тұру шарт.

Талап күшейсе, тәртіп те орнайды

Басқосуда сөз алған облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлы күн тәртібіне шығарылып отырған мәселенің өзектілігіне тоқталды.  Онсыз да көзі сиреген балық-байлығымызды мүлдем құртып алмас үшін, әуелі құрма аулардан құтылып, тәжірибеде өміршеңдігі мен тиімділігін дәлелдеген вентерлік тәсілмен аулауға көшетін мезгіл жеткенін меңзеді. Бұл аікірді «Qazag baIyk» заңды тұлғалар бірлестігі Атырау филиалының директоры Санат Тілепбергенов, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының басшысы Нұрболат Кәрімов, бірқатар балық шаруашылығы құрылымдарының басшылары да қолдады.

Мысалы, Құрманғазы ауданындағы «Каспий балық» өнддірістік кооперативінің директоры Жұмажан Шакупов Қиғаш өңіріндегі балықшылардың 90 пайызы вентермен балық балық аулауға көшкенін, мұның қауіпсіз әрі сенімді әдіс екенін жеткізді. Ал, «Інжу-Маржан» ЖШС басшысы Гүлфара Ысмағұлова әзірге ұжымның бұған толықтай дайын емесін айтты. «Атамекен-Эко» экологиялық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арман Хайруллин де талқыға түскен мәселенің маңыздылығын ескере келе, жағдайды түзету үшін оның құқықтық негізін қалайтын нормативтік актілерді ретке келтіріп, талаптарды қатайту керектігін атап көрсетті.

Жиынды қорытындылаған Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Аян Бахиянов осылардың бәрін де қаперге алып, министрлік деңгейінде қаралып, оң шешімін табуына септесетініне сендірді. Қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Соның ішінде, балық шаруашылығына мемлекеттен субсидия бөліне ме, деген сұраққа қатысты: «Қазынадан қаралатын қайтарымсыз қаражат балықты аулап, өңдегенге емес, оны өсіріп, қорын молайтуға  үлесін қосқан субъектілерге беріледі. Біздің болашақтағы басты бағытымыз да сол болмақ» деді.

Өткен жылы балық аулау құралдарын заңсыз пайдаланып, бекіре тұқымдастардың уылдырық шашуына кедергі келтірген тұлғаларға қатысты 529 әкімшілік хаттама толтырылып, 792 бірлік желі мен жабдық есепке алыныпты. Көтерілген қылмыстық істер бойынша жинақталған материалдар сотқа жолданды.             Биылғы тоғыз айда облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инпекциясы қызметкерлерінің қатысымен Атырау және Маңғыстау облыстарының аумағындағы су қоймаларынан рұқсатсыз балық аулаумен айналысқан  браконьерлердің бірнеше тобы ұсталды. Осылайша, 294 әкімшілік және қылмыстық сипаттағы заң бұзушылық дерегі анықталып, табиғат байлығына заңсыз қол сұғушылардан 823 құрма ау мен құрал-жабдық алынды. Есепті мерзімде тәркіленген ау құралдарының құны 40 млн. теңгеден асқан. Сөйтіп, үш жылда заңсыз жолмен балық аулау жұмыстарына қолданылған 12 мың құрал-жабдық пен браконьерлік желі су астынан жиналып алынған.

Дәулетқали АРУЕВ

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button