АТЫРАУДАСАРАПТАМА

Жарапазан Атырауда неге айтылмайды?

«Рамазан» сөзінен туған жарапазан дәстүрі де егемендік алған тұста елімізбен қайта қауышқан еді. Содан бері әр қазақтың өмірінде көрініс тауып келеді. Бір қызығы, бұл дәстүр Атырау сияқты батыс өңірлерде кенже қалғаны байқалады. Бірақ…

Әлі де болса игі дәстүрді үзбей келе жатқан тұрғындар да жоқ қемес. Солардың бір бөлігі Атырау қаласы маңындағы Көкарна ауылында тұрады. Олардың көбісі – Өзбекстан, Түркіменстан секілді көршілес елдерден қоныс аударған қандастарымыз.

Ақсақал Өтеш Оңайбаевтың айтуына қарағанда, қыстан аман шыққан халық үшін жарапазан қуаныштың белгісі болып саналады.

  • – Жарапазан Ораза айында айтылып келеді. Бала мен бозбала бұл кезде тысқа шығып арнайы өлеңдер айтқан. Көп жағдайда, түркі әлемінің небір оқымыстылары жазып қалдырған мұраларға негізделген. Үлкендер жағы сауап болады деген ниетпен олардың қолына құрт, ірімшік, май мен шүберек ұстатқан, – дейді ол.

Ал, халық ауыз әдебиетіне үңілсек, бұл – дін мен салттан туған жыр. «Оралман-Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құдабай Қаржауов сонау кеңестік кезеңнен кейінгі қиын-қыстау шақта жарапазан айтқан балаларға бидай ұнынан пісірілген таба нан таратылған екен.

  • «Әлі есімде, Оразаның басында, орта тұсында және соңында – әрқайсысында үш күннен жарапазан айтылушы еді. Бұл қасиетті айдың келгенін және жақсылық жасап қалу қажеттігін білдіретін. Сонымен бірге, жарапазан халықты бірлікке шақырады. ал, бірлік бар жерде тірлік бары белгілі жайт. Демек, аталған салттың қоғамға берер пайдасы зор» дейді ол.

Айта кетейік, ауыл арасына қатынайтын пойыздарда да жарапазан айтылатыны әлеуметтік желіде кең таралған. Оны сахна төрінде орындап жүрген өнер иелері де бар. Тіпті, ұялы телефон арқылы бірлік сұрап жарапазан айтатындар да табылып жүр. Бұл да болса тозығы жеткен дәстүрдің қазіргі заманға сай озып тұрғанын білдірсе керек.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

a683a98418ba2b77662c74f8d5f121c8

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button