АТЫРАУДА

ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫНДА НЕ САЛЫНЫП ЖАТЫР?

Жылыой ауданының әкімі Халел Жамалов «Игілік» бағдарламасы аясында халық игілігі үшін ауданда жасалып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірді. Алдағы уақытта да аталған бағдарлама шеңберінде өңірдің әлеуметтік-эномикалық дамуына үлес қосатын жұмыстар жалғасын табатынына сенімі мол екенін жеткізді.

Өз кезегінде ТШО-ның бас директоры Кевин Лайон «Көптеген қызметкерлеріміз осы Жылыойдан. Сондықтан, ауданның гүлденуі біз үшін өте маңызды. Осы орайда «Игілік» ерікті бағдарламасы арқылы біз өз үйімізге айналған Жылыой ауданы мен Құлсары қаласын көріктендіруге үлес қосуды жалғастырамыз. Құлсары орталық стадионын, жаңа мектепті, сондай-ақ көп салалы медициналық кешен мен 75 орындық аудандық орталық аурухананы көріп шықтық. Құрылыс жұмыстары тез бітіп, тұрғындарға есігін айқара ашуын тағатсыздана күтудеміз»,-деді.

Көп салалы медициналық кешен арнайы палаталары бар 2 қабатты әкімшілік-медициналық корпустан және төрт медициналық корпустан тұрады. Сонымен қатар, қызметкерлерге арналған жатақхана, оттегі станциясы, зертхана және медициналық қалдықтарды зарарсыздандыратын станциясы бар. Кешен  тиісті медициналық жабдықтармен жасақталады. Ал Құлсары қаласындағы жаңа орталық стадион болса, бір мезгілде спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Ол күніне 3250 адамға дейін қабылдай алады.
    
ТШО 1993 жылдан бері Атырау облысының тұрғындары мен өз қызметкерлеріне арналған түрлі әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға 2,1 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат  жұмсады. Тек 2020 жылы ғана әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Игілік»   ерікті әлеуметтік – инфрақұрылымдық бағдарламасына 25 миллион АҚШ долларын бөлді. Нәтижесінде Доссорда 280 орындық балабақша, Атырау құрылыс және энергетика колледжінің 100 орындық студенттер жатақханасы, Атырау қаласындағы Тутұғыр ұлттық монументі мен Құлсарыдағы Құрсай өзенінің жағалауын абаттандыру жобалары  аяқталды. Бұлардан бөлек, әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында Атырау мен Маңғыстау облыстарына 2,2 миллион АҚШ долларын бөлді. Оған аталған өңірлердегі денсаулық сақтау мен білім берудің сапасын, әрі қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған 18 жоба қаржыландырылды. 

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button