COVID-19ҚазақстандаСАРАПТАМА

Биылғы маусым-қыркүйекте 95 мыңға жуық адам коронавирус жұқтыруы мүмкін…

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы мәселе қаралды.

Жалпы, еліміздегі қазіргі жағдай туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, КВИ бойынша қызыл аймақта орналасқан жекелеген өңірлер бойынша — Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндады. А. Цой атап өткендей, әлемде COVID-19 ауруы мен өлімі бойынша жағдай тұрақсыз болып қалуда. Бүгінгі таңда әлемде КВИ-дің 167 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 450 мыңнан астам жағдай тіркелген. 3,4 миллионнан астам адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші 2,1% құрады. 221 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес, Қазақстан сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 104-орында, ал өлім көрсеткіші бойынша 111-орында.

«Қазақстанда 25 мамырдағы жағдай бойынша COVID-19 оң нәтижесімен 376 572 науқас және -КВИ-мен 54 716 жағдай тіркелді. Ел сары аймақта тұр», — деді А. Цой.

Республикаішілік көрсеткіштер бойынша қызыл аймақта бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Қарағанды, Атырау облыстары орналасқан. Батыс Қазақстан облысы қызыл және сары аймақтардың шекарасында орналасқан. Сары аймақта 6 өңір бар: Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласы. Қалған 5 өңір жасыл аймақта. Министрдің айтуынша, елімізде сырқаттанушылықтың төмендеуінің оң динамикасы және эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақтануы байқалады. Соңғы аптада КВИ анықталған жағдайлардың саны сәуір айының соңы мен мамырдың басындағы апталық аурушаңдықпен салыстырғанда 4 мыңға азайды.

Жалпы, соңғы айда аурушаңдылық 20%-ға төмендеді. Егер стационарлық науқастар туралы айтатын болсақ, өңірлер бөлінісінде төсек орындардың күнделікті пайдаланылу мониторингіне сәйкес осы жылғы 25 мамырдағы жағдай бойынша республика бойынша инфекциялық төсек-орындарды қамту 33%-ды құрайды және биылғы мамырдың басымен салыстырғанда 8%-ға төмендеді, реанимациялық төсек-орындардың қамтылуы 2%-ға төмендеді және 26%-ды құрайды.

Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында төсектердің толуының оң динамикасы байқалады — мамырдың (4 мамыр) басымен салыстырғанда төсектердің пайдаланылуының үлес салмағы 60%-дан 47%-ға дейін, Алматы қаласында 57%-дан 35%-ға дейін және Алматы облысында 56%-дан 36%-ға дейін төмендеді. Емделіп жатқан науқастар санының 15 мамырдағы жағдай бойынша 38 мыңнан 25 мамырдағы жағдай бойынша 32 мың адамға дейін азаюы байқалады, оның ішінде стационарлық емдеудегі науқастар саны 14 мыңнан 12 мыңға дейін, амбулаториялық емдеудегі науқастар саны 24,5 мыңнан 20 мыңға дейін төмендеді.

«Сонымен қатар 5 мамырдан бастап бір тәулікте сауығып кеткен науқастардың саны бір тәуліктегі науқастардың санынан асып түсетінін атап өткім келеді, бұл да эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануының байқалып отырған үрдісін көрсетеді», — деп атап өтті А. Цой.

Бүгінгі таңда, министрдің айтуынша, вакцинаның шамамен 3 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде 1-компонентпен 2 015 053 адам егілді, бұл вакцина алуға жататын халықтың 20%-ын құрайды. Екінші компонентпен 1 млн-ға жуық адам қамтылды. Бүгінгі таңда егу пункттерінде вакцина дозаларының жеткілікті қоры бар: бірінші компонент — шамамен 320 мың және екінші компонент — 650 мың. Спутник V вакцинасының қосымша 1,7 млн дозасы Қарағанды фарм кешенінде өндірілген және кестеге сәйкес өңірлерге жеткізілетін болады.

Сондай-ақ министр жаңа мутацияларды анықтау мақсатында республика аумағындағы коронавирус штамдарын генетикалық зерттеу тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осы жылдың сәуір айында анықталған үлгілерді зерттеу қорытындысы бойынша үлгілердің 30%-ында «Британдық штамм» айналымы анықталды. Республика аумағында үнді штаммының айналымы анықталмаған.

Эпидемиологиялық жағдайды және вакцинациямен қамтуды ескере отырып, Министрлік эпидемиологиялық жағдайдың болжамын жаңартты.

«Мәселен, вакцинациялаудың тиімділігі 60%-дан кем болмайтын пессимистік сценарий кезінде 2021 жылғы маусым-қыркүйекте тіркелген жағдайлардың саны 95 мыңға жуық адамды құрайды», — деп атап өтті А. Цой.

Екінші реалистік сценарий бойынша, министрдің айтуынша, вакцинациялаудың тиімділігі кемінде 80%-ды құрайтын болса, 2021 жылғы маусым-қыркүйекте тіркелген жағдайлардың болжамды саны шамамен 69 мың адамды құрайды. Вакцинациялаудың тиімділігі 95%-дан кем болмайтын оптимистік сценарийде 2021 жылғы маусым-қыркүйекте тіркелген жағдайлардың саны шамамен 61 мың адамды құрайды. Бұл ретте, қандай да бір сценарийдің іске асырылуы азаматтардың вакцинация мәселесіндегі белсенділігіне тікелей байланысты болатынын атап өткен жөн.

«Осыған байланысты, вакцинациямен қамтуды арттыру үшін жергілікті атқарушы органдарға вакцинациямен қамтуды ұлғайту және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша шаралар қабылдау қажет деп санаймыз», — деп атап өтті А. Цой.

Аймақтарға келетін болсақ, Батыс Қазақстан облысында әкім Ғ. Есқалиевтің айтуынша, соңғы аптада КВИ жұқтырудың 658 жаңа жағдайы анықталды. Алдыңғы аптамен салыстырғанда науқастар саны шамамен 9% азайды. Ауруға шалдыққандарды анықтау мақсатында ПТР зерттеулер саны көбейтілді. Облыстағы 13 зертханада тәулігіне 2000-нан астам зерттеу жасалады. Облыстың 2 айдан астам уақыт қызыл аймақта болғандығын ескере отырып бірқатар шектеу шаралары енгізілді. Ауыл тұрғындарының облыс орталығына келуін азайту мақсатында Орал қаласында және қызыл аймақтарда болған 6 ауданда 1-14 мамыр аралығында блок-бекеттер орнатылды. Бұл шаралар облыс орталығына қатынайтын тұрғындардың санын 35%-ға дейін төмендетіп, адам көп жиналатын шараларды азайтуға мүмкіндік берді. Соның нәтижесінде, сәуір айында ауру көрсеткіші тәулігіне 200-250-ге дейін жеткен болса, мамыр айында 90-100 жағдайға дейін төмендеді. Мониторингтік топтар күнделікті рейдтерін жалғастыруда. 1 мамырдан бері мониторингтік топ мүшелері 179 рет рейдке шығып, 965 нысан тексеріліп, 962 мың теңгеге 22 хаттама толтырылды.

«Бүгінгі таңда “Ashуq” мобильді қосымшасын енгізуге кәсіпкерлік субъектілерінен 391 өтінім түсті», — деді Ғ. Есқалиев.

Өңірде вакцинациялау жұмысы қарқынды жүргізілуде. Өңірге келген 138 560 вакцинаның І компоненті бойынша 65 мыңнан астам адам, ал II компоненті бойынша 27 мыңнан астам адам екпе қабылдады. Облыс бойынша барлығы 47 егу пункті жұмыс істейді. Өңірде 18 жұқпалы аурулар стационары жұмыс істеп тұр, жұқпалы аурулар төсек-орындарының толығуы 39%-ды құрайды. Ал реанимациялық орындардың толуы 40%-ды құрайды. Қосымша 1400-ден астам резервтік төсек-орын дайындалды.

«Дерттің жаппай таралуына жол бермеу мақсатында Үкімет тарапынан көрсетілген қолдау шаралары, өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануына өз септігін тигізді», — деді Ғ. Есқалиев.

Қарағанды облысында осы жылдың 25 мамырындағы жағдай бойынша коронавирус инфекциясының зертханалық расталған 30 572 жағдайы тіркелді.

«Облыста эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар іске асырылуда, қабылданған шаралардың тиімділігі өткен апта бойы жұқтырудың жаңа жағдайларының 15%-ға төмендеуімен расталып отыр», — деді Ж. Қасымбек.

Төсек қорының жүктемесі азаюда, бүгінгі күні облыс бойынша жүктеме орта есеппен 34%-ды құрайды. Өткен аптада ҚР денсаулық сақтау министрі А. Цойдың төрағалығымен Қарағандыда коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Аймақтың оң динамикасын сақтау үшін қосымша ұсыныстар берілді. Әкім атап өткендей, кәсіпкерлік нысандарының қызметі мен облыстағы эпидемиологиялық жағдай арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында «Ashyq» жобасына қатысушылар саны артып келеді, олардың саны 510-ға жетті. Халықты белсенді вакцинациялау жалғасуда, 93 741 адам толық иммунизацияланды, бірінші компонентпен 154 620 адам қамтылды. Бекітілген мерзімге сәйкес мамыр айының соңына қарай облыстың 105 мың тұрғынын вакцинациялау толығымен аяқталады. Өткен демалыс күндері вакцинация пункттері бар сауда орталықтары ашылды. Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады және тұрақты бақылауда болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button