Коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компонентін салдырмаса не болады?

1
Бізді әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Лаура Мырзағали коронавирусқа қарсы вакцинаның екінші компонентін салдырудың маңыздылығын түсіндірді, деп хабарлайды Depti.kz тілшісі «Sputnik Қазақстанға» сілтеме жасап.

«Вакцинаның екінші компонентін салдырмаса, адамда иммунитет қалыптаспайды. Өйткені екеуінің құрамы екі түрлі. Сондықтан бір-бірінсіз адамның бойында иммунитет қалыптаспайды. Екінші компонентін міндетті түрде салдыру керек», – деді Мырзағали Sputnik Қазақстан тілшісінің сауалына.

Маманның айтуынша, вакцинаның екінші компонентін 21 күннен кейін де салдыруға болады.

Сонымен қатар Лаура Мырзағали жүктілікті жоспарлап жүрген қыз-келіншектерге вакцина салдырар кезде дәрігерімен кеңесуді ұсынды.

«Адам вакцина салдырған соң бір айдай уақыт өз жағдайын бақылайды. Дәрігерлер де бақылайды. Содан кейін жүктілікті жоспарласа болады. (…) Індет, вакцинаның өзі бізге жаңадан келіп жатыр. Сондықтан біз әлі мұның арты қалай болатынын білмейміз», – деді маман.

Лаура Мырзағали созылмалы ауруы бар науқастарға, жүкті әйелдерге, балаларға, онкологиялық ауруы бар науқастарға вакцина салдыруға болмайтынын айтты. Ал қалған азаматтар ешқандай тексеруден өтпей, вакцина салдыра алады.

«Вакцина салатын кезде дәрігер адамның қан қысымын, дене қызуын өлшеп, визуалды тексереді. Содан кейін вакцина алуға жібереді. «Спутник V» вакцинасының аллергия туғызатын қасиеті жоқ», – деді Мырзағали.

Айта кетейік, 6 сәуірге дейін Алматыда 41 549 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдырды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған