Блок бекеттер қойылмақ

13548844
Бізді әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Батыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері жаңа қаулыға қол қойды.

Оған сәйкес, облысы орталығы мен бірнеше ауданда блок бекеттер қойылады. Сондай-ақ түнде жүріп-тұруға тыйым салынады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«2021 жылдың 1 мамырынан бастап Батыс Қазақстан облысы аумағында карантиндік шектеу шаралары күшейтілсін», – делінген жаңа қаулыда.

Осыған орай, Орал қаласына, сондай-ақ Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Казталов, Теректі мен Шынғырлау аудандарына кіреберісте блок бекеттер орнатылады. Ол арқылы бірнеше санатқа кіретін адамдарды ғана өткізеді. Олар:

  •  халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлері;
  •  медициналық көрсеткіштер бойынша  кіретін және шығатын адамдар;
  •  карантинді стационарларда емделушілер мен бақыланушылар;
  • жүк тасымалдаушылар мен транзиттік жолаушылар;
  • ауысым (вахта) жұмысшыларын тасымалдайтын көлік құралдары;
  • күзгі дала жұмыстарына, табиғатты қорғау, ветеринарлық, ауылшаруашылық жұмыстарына, жолдарды жөндеуге, авариялық-құтқару қызметіне қатысатындар;
  • тұрақты тұрғылықты жеріне оралатын адамдар және облыс тұрғындары;
  • жақын туысқаны (әкесі, анасы, ағасы, апасы, балалары) қайтыс болған тұрғындар;
  • темір жол вокзалына, әуежайға және автовокзалға баратындар және одан қайтатындар (міндетті түрде билетті көрсету керек).

«Осы санатта көрсетілген тұлғаларға «109» телефонына өтінім қалдыру немесе STOPCOVID.KZ сайтына тіркелу қажет. Ерекше жағдайларда осы қаулыда көрсетілген санаттарды қоспағанда адамдардың жекелеген санаттарына аудандар мен қалалардың санитарлық бекеттері арқылы шығуға және кіруге рұқсат ауданның/қаланың жергілікті атқарушы органының шешімі бойынша берілуі мүмкін», – делінген бас санитар дәрігердің қаулысында.

Бұдан бөлек стратегиялық және тіршілікті қамтамасыз ететін жұмыскерлерді қоспағанда елді мекендерінің аумағы бойынша тұрғындардың қозғалысын сағат 00:00-ден сағат 06:00-ге дейін шектеу енгізіледі. Бірақ шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемеге және дәрі-дәрмек сатып алуға жеке автокөлікпен шығуға болады. Ал түнгі ауысымда жұмыс істейтін адамдар «109» қызметіне өтінім қалдыруға тиіс.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған