Қазақстанда

Депутат кей отбасылардың ипотекасын жабуға жеңілдік беруді ұсынды

Мәжілісітегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары үкіметке сауал жолдап, демографиялық жағдайды жақсарту үшін жастардың баспана мәселесін шешуді талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

«Бүгінде халықтың әлеуметтік топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында үкімет бірнеше бағытта мемлекеттік бағдарламаларды іске асырып келеді. Осы орайда жас отбасыларды қолдау мен бала тууға ынталандыру аса маңызды. Біз әлеуметтік осал топтармен қатар тұрғын үй алу және бала табу мүмкіндігін алғашқы махаббатқа сенетін әрі тұрмыстың тауқыметінен кейін сезімдерін суытпаған жас отбасыларға беру керек деп санаймыз. Себебі махаббатта туып өскен балалар шығармашылық, ойлау мен табысқа көбірек ұмтылады», – деді депутат Ерлік Өмірғали мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол Қазақстандағы халық тығыздығын еске салды. Ресми мәліметке сәйкес, бір шаршы шақырымға 6-7 адамнан келеді. Ал барлық ресурстарды толыққанды іске қосу үшін елімізде халықтың саны, шамамен, 60 миллион адам болуы қажет.

«Мемлекеттік бағдарламаларда осы мәселенің маңыздылығын ескерілмеді деп санаймыз», деген депутат 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасында кемінде 10% бастапқы жарнамен 20 жылға 2 проценттік ипотека берілетінін еске салды.

«Бірақ ондай шарттар, тек әкімдік кезегінде тұрғандарға ғана таралады. Ал кезекке мүгедектер, көп балалы отбасылар, ардагерлер немесе жетімдер қойылады. Сонда отбасын жаңадан құрған, қол-аяғы сау, бірақ әлі өз баспанасына қаражат жинап үлгермеген жастар не істеуі керек? Олар қашан балалы болады? Ондайда көпбалалы отбасылар қайдан пайда болсын», – деп атап көрсетті Өмірғали.

Оның айтуынша, әкімдік кезегіне кірмеген жас отбасылар пәтерге ақша жинап болғанша 40-тан асып кетеді. Ал ондай жаста көп бала туа алмайды.

«Осы уақытқа дейін генетика да нашарлайды. Дәрігерлердің айтуынша, ерлер мен әйелдердің үштен бірі 40 жастан кейін және одан да ертерек бедеулікке ұшырайды», – деді Өмірғали.

Бүгінде «7-20-25» және «Баспана-хит» сияқты тұрғын үй бағдарламаларын тоқтату жоспарланып отыр.

«Осыған байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясы жас отбасылар үшін әр балаға ипотеканың 25 процентін субсидиялау ұсынысын қайта көтеруді жөн көрді. Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау бизнесті кредиттеу кезінде мемлекеттік және жеке мүдделерді ұштастыру құралы ретінде өзін жақсы жағынан көрсетті. Бұл табысты тәжірибені әлеуметтік бағдарламаларға да тарату керек деп санаймыз. Сонда екі баласы бар отбасы мөлшерлеменің жартысын төлейді, ал үлкен отбасы, күтілгендей, пайызсыз баспана алады», – деді депутат.

Осы шара жас отбасыларды бірден балалы болуға ынталандырады. Жас отбасылар арасында ажырасу жағдайлары да азаяды. Екінші деңгейлі банктер ипотеканы белсенді түрде бере бастайды. Ең бастысы, демография жақсарады.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button