ҚазақстандаСАРАПТАМА

«ОНЛАЙН ОЛЖА» орға жықпасын!..

Жер жүзін жайлаған жұқпалы дерт адамзаттың санасын сілкіп, өмірін өзгертті. Бірақ, сын сәтте әлем халқы әлеуметтік-экономикалық жағынан әлсіреудің орнына қазір керісінше, кемелдене түскендей болды. Әсіресе, қолда бардың қадірін біліп, үнемдеуді үйренді. Бұрын тойлап секіретін қазақстандықтар да енді ойлап секіретін халге жетті. Демек, пандемияның да бір «пайдасы» тиген болса керек…

Иә, біреулер сынақтан сабақ алып, карантин жағдайында еңбек етіп жүр. Ал, енді бірі пандемияны пайдаланып, ауадан ақша жасап жатыр. Бүгінгі күннің «брендіне» айналған онлайн-несиенің несібесін көргендер бар ма? Ендеше, біз бүгін оңай олжаның оңы мен солын, бағы мен сорын таразылап көретін боламыз.

identity theft

15 минутта «байып кету»

«Бірінші кредиттік бюро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен білгеніміздей, былтыр қазақстандықтарға шамамен 120 миллиард теңгедей қарыз беріліпті. Ал, өткен жыл нағыз тәжтажалмен бетпе-бет келген уақыт емес пе? Онсыз да кредиттен көз ашпаған елдің еңсесі езіліп, есеңгіреп қалғаны рас. Әйтсе де, қарыз үстіне қарыз қосудан еш қаймықпайды. Өйтпегенде ше? Өзіңіз ойлаңыз, карантин кезінде жұрт жұмыссыз жатыр. Осындайда алыстан «ал» деп айқайлап тұрған онлайн-несиеден бас тарту оңай ма?

Оның үстіне, банкке барып, ондағылардың бет-жүзіне үмітпен үңілудің де қажеті жоқ. Менсінбейтін менеджерді тағат таппай сағаттап күтуге де тура келмейді. Бар болғаны, үйден шықпай-ақ, ғаламтор бетіне «онлайн-несие» деген екі ауыз сөзді жаза қойсаңыз жеткілікті. Сол сәтте микроқаржы ұйымдары қара құмырсқадай қаптап кетеді. Патша көңіліңіз қайсысын қаласа, сонысын қармай беріңіз. Олар құжат сұрап та қытығыңызға тимейді. Жұмыс орнынан анықтама, зейнетақы аударымдарын растайтын қағаз, несие тарихы туралы мәлімет дегеннің не екенін ұмытасыз. Тек 21 жастан асып кетпеңіз және соны куәландыратын жеке куәлігіңіз болсын. Қалғанын қарыз берушілер қатырады. Осылайша, 15 минутта шекеңіз шылқып шыға келесіз.

Бай болған жақсы-ау, бірақ бүгін алған қарызды ертең қалай қайтарасыз? Міне, «даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші,  осы жерде түйткілді мәселелер туындай бастайды…

6270c913ab5f35c39b23a4c17e116140

Оңай олжаға кімдер құмар?

Жалпы, онлайн-несиені кімдер алады деп ойлайсыздар? Бұны білу үшін мамандар арнайы сауалнама жүргізіп көрген екен. Нәтижесінде, мұндай көмекке көп жағдайда банкке аяқтай барып несие рәсімдеген жандар жүгінеді екен. Сонда қалай болғаны? Бір қарыздан құтылу үшін екіншісін алу керек пе? Иә, дәл солай және бұл үрдіс белең алып бара жатқанға ұқсайды. Қарыз адамды құлға айналдыратынын психолог мамандар талай айтып жүр ғой. Бірақ, бір қарызды екіншісімен өтеу деген нағыз сұмдық жағдай! Бәлкім, сол онлайн қызметті ұсынатын ұйымдарды жаппай жапқан жөн болар?

Сенбесеңіз, су жаңа мысал келтірейік. Жуырда ғана сайт редакциясына көпбалалы ана Айнагүл Маратова хабарласты. Ол өз оқиғасымен бөлісіп, бізден ақпараттық қолдау сұрады.

– Мен екінші деңгейлі банктердің бірінен қарыз алған едім. Келісімшартта көрсетілген соманы уақытымен аударып жүрдім. Кенет жұбайым жол апатына түсіп, жалақымның бәрін ем-домға жұмсадым. Осы кезде ғаламтордан онлайн-несие жөніндегі жарнама жылт етті. Сөйтіп, онлайн қызмет арқылы 49 мың теңге алып, оны 72 мың теңге етіп қайтаруға келістім. Бірақ, бәрі ойдағыдай болмады. Мен бұл қарыздан да құтыла алмадым. Арада үш ай өтіп, алған ақшама өсімпұлдар қосылды. Ақыры, 142 мың теңге жоқтан бар болып шыға келді, – деген жас ананың жанары жасқа толып кетті…

Біздің қолымыздан бар келгені – жергілікті полиция басқармасымен байланысып, құқық қорғаушылардан қол ұшын беруді сұрадық. Өз кезегінде Атырау облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы Мейірім Ердәулет аталған іспен прокуратура қызметкерлері айналысатынын айтты. Оның айтуынша, бұл жерде қылмыстық істің қозғалуы неғайбыл. Өйткені, өз мүмкіндігін шамалай алмаған қарыз алушының өзі кінәлі. Алайда, арамызда онлайн-несие арқылы оңай олжаға кенеліп жүрген алаяқтар да жоқ емес.

– Біреудің жоғалған не ұрланған құжаттары арқылы шағын қаржы ұйымдарынан несие алатындар қазір қоянша көбейіп жатыр. Заң бойынша оларға қатысты қылмыстық іс қозғалуы керек. Көп жағдайда азаматтар өздерінің алданғанын коллекторлық ұйым қызметкерлері хабарласқанда ғана біліп жатады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бір ғана түсіндірме жұмыстарын жүргізе бергеннен ештеңе шықпайды. Тұрғындардың өздері де жеке құжаттарына мұқият болғаны жөн. Ондағы мәліметтерді қатаң құпияда сақтау қажет. Өйтпеген жағдайда, кибералаяқтың құрығына қалай түскенін де білмей қалады, – дейді Мейірім Ердәулет бізбен әңгімесінде.

Алаяқтың құрбаны

Мәселенің мәнісін тереңірек түсіну үшін біз алаяқтардың құрбаны болған жандарды сөзге тартып көрдік. Солардың бірі – Атырау қаласының тұрғыны Әнуар ОМАРОВ енді несие алмауға ант етіпті. Ол соңғы уақытта микроқаржы ұйымдарынан гөрі екінші деңгейлі банктердің көмегіне көбірек жүгінеді екен.

– Бір күні үйге келсем, есігіме қағаз қыстырылып тұр. Онда менің 120 мың теңге қарыз алып, төлемей жатқаным жазылған. Дереу көрсетілген мекен-жай бойынша хабарласып, мән-жайын сұрадым. Сөйтсем, менің атымнан біреу несие рәсімдеп, ақшасын банкомат арқылы түсіріп алыпты. Ал, ондағы бейнежазба тек екі ай ғана сақталады екен. Шағын қаржы ұйымы егер қарызды қайтармасам, оны сот орындаушылар өндіріп алатынын ескертті. Оның үстіне, қарыз сомасының үстеме пайызы өсіп, жарты миллион теңгеге жақындап қалыпты. Бұл мәселеге орай, құқық қорғау органдары шұғыл тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, жалған несие тарихындағы жеке мәліметтер менікімен сәйкес келмеді. Тіпті, көрсетілген телефон нөмірі де басқа. Несиені растау жөнінде ешқандай хабарлама келмегені де сондықтан, – деп ақтарылды аузы күйген азамат. 

Несие алған жағдайдың өзінде, оның дұрыс рәсімделгеніне көз жеткізу керек. Бұл туралы толығырақ «ҚР Ұлттық банкі» Атырау филиалының қолма-қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бөлімі басшысының орынбасары Арайлым Асылбекқызы айтып берді.

«Мәселен, сіз 30 мың теңге қарыз алдыңыз. Оны рәсімдеу барысында келісімшартпен толық танысып шықпадыңыз делік. Көп адам осындай олқылыққа жол беріп жатады. Өйткені, келісімшарттағы ұсақ та ұзақ жазуды оқуға ешкімнің зауқы соқпайды. Ал, тура бір айдан соң сізге «48 мың теңге төлеңіз» деген хабарлама келеді. Амал жоқ, қанша пайыз үстемақы қосылса да, төлеуге мәжбүр боласыз. Сондықтан кредит алмас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кесіңіз» дейді банк маманы.

news full1562048713c2f00bff1fab54b755e4e2331d6d832f

«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар…»

Қолымыздағы деректерге сүйенсек, Қазақстанда ең алғаш рет онлайн-несие 2014 жылы рәсімделген екен. Бүгінде бұл қызметпен елімізде екі мыңдай  компания айналысады. Былтырдың өзінде 1 миллионға жуық келісімшарт жасалған. Жалпы алғанда, 248 мың тұтынушы онлайн-борышкер атанған.

Өкінішке орай, жеке мәліметтер ғаламторда кеңінен таралған. Мұны тоқтату мүмкін емес. Оның салмақты себептері де бар. Жеке куәлік үлгілері электронды үкімет жүйесінде сақтаулы тұр. Солардың скан-көшірмесін түсіріп алу алаяқтар үшін түк емес.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақтыбек Таубаевтың сөзіне сенсек, шағын несие беретін ұйымдар қазір қарыз алушыдан суретке түсуді де талап етпейді. Бұл не деген сөз?

– Менің ойымша, онлайн қарыз беретін мекеме қызметкерінің кей әрекеті көңілге күдік ұялатады, – дейді ол. – Мәселен, тұтынушының фотосуретін сұрамау – нағыз сорақы нәрсе. Мұның екінші жағы да бар. Кей жағдайда сондай қызметкердің қылмысқа қатысы бар болып шығады. Ондайлар борышкердің қолын өзі қойып, ақшасын аударып алады. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда «тегін дисконттық карта ашамыз» деп жалған жомарттық танытушылар да жолығады. Олар сауалнама толтыру керек деген желеумен жеке мәліметтерді жымқырады. Кейін соның негізінде біреудің атынан кредит рәсімдейді.

m sele foto s. sukhanovtiki 8

Енді не істейміз?

Қалай десек те, кейде ойлаған ойды қинаған тұрмыс жеңеді. Сондайда ағайын адамнан ақша алсаңыз, араңыз алыстап кетуі мүмкін. Достарыңыздың ішінен жомарт байдың табыла қоюы да екіталай. Ал, айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген жандардан не сұрайсыз? Бұған қолдан жасалған қымбатшылықты қосып қойыңыз. Сондайда амал жоқ, несие рәсімдеуге тура келеді. Осы орайда, біз тәуелсіз қаржыгер-сарапшы Ілияс Исаевтың ақыл-кеңестерін оқырман назарына ұсынғанды жөн санап отырмыз.

  • – Ең алдымен, kazfintech.kz сайтына кіріп, сіз несие алатын компания Kazfintech қауымдастығына кіре ме, жоқ па, соны тексеріп алған жөн, – дейді сарапшы. – Компанияның сайты, кеңсесі, барлық сұрақтарға жан-жақты жауап беретін қолдау қызметі бар ма, оны да анықтаңыз. Жеке куәлігіңізді бөтен адамдарға бермеңіз. Кей терминалдар несие бергенде адамның түріне мән бермей, тек құжат бойынша рәсімдей береді.
  • Өзге адам сіздің атыңыздан несие алған болса, қарыз шарты бойынша тиісті банкке барыңыз. Ондағылар растаса, банк бөлімшелері мен Ішкі істер басқармасына арыз түсіру керек. Сонда тиісті тексерістер жүргізіледі. Банк несиеге қатысты құжаттаманы беруге тиіс. Онда несие алуға қандай өтініш берілді, шартқа қалай қол қойылды, кассадан қаражат алғанға дейінгі барлық ақпарат болады. 
  • Банктен несие алынғаны туралы шартты талап ету керек. Соны алып, «қарыз шартын жарамсыз деп танысын» деп сотқа талап қоюға болады. Кейде, тіпті, банк те несие алушы қарызын өтемей жатыр деп сотқа шағымдануы мүмкін. Ондайда сотқа ешкімді шақырмай-ақ, шағымданушы банкке өтініш берсе болғаны. Сот шешімімен келіспей, күшін жоюды және қайта қарауды талап ету керек. Сот барысында шартқа қол қоймағаныңызды айтып, сараптама тағайындауды сұрауыңыз керек. Егер несие алушының шартқа қол қоймағаны дәлелденсе, сот банк талабын қанағаттандырмайды. 
  • Бұдан бөлек, Ішкі істер басқармасына да қылмыстық іс қозғау туралы шағымдануға болады. Тиісті тексерістер жүргізіліп, кінәлілер табылған жағдайда, Қылмыстық кодекстің 190-бабымен – алаяқтық бойынша іс қозғалуы мүмкін.  Егер алаяқ бірнеше адамның атынан несие алса, әр қылмысы бір бөлім болып саналады. Осы орайда, 2019 жылы заңға өзгеріс енгізілді: қылмыс бөлігі көбейген адамды 3-бөлікке ауыстырады. Яғни, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оны сот белгілейді. 

P.S.:

Кейде несие беретін адамды да мұқият тексеріп алу керек. Себебі, несие беруші мен алаяқ сыбайлас болуы әбден мүмкін! Сонда кімге сенеміз деген сұрақ туындайды. Шамасы, қазір, Абай атамыз айтпақшы, өзіңді алып шығар өзіңе ғана сенетін заман болып тұр-ау. «Бір кем дүние» деген осы шығар, сірә…

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

kiberqylmys 660x330

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button