ҚазақстандаСАРАПТАМА

Талтүстегі атыс қазақстандықтарды есеңгіретіп тастады… (ВИДЕО)

Сенбі күні Алматының элиталық тұрғын үй кешендерінің бірінде болған оқиға тұрғындар, полиция және жалпы қазақстандықтар үшін күтпеген жағдай болды…

Мұндай оқиға біздің елімізде сирек болады. Сондықтан аяқ астынан осы тектес оқыс оқиға кезінде өзін қалай ұстау керектігі туралы көп адам біле бермейді. European Security Academy (ESA) қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Заңғар Әлиев Sputnik Қазақстан тілшісіне өзіңіздің немесе айналаңыздағы адамдардың өміріне қауіп төнген жағдайда не істеу керектігі туралы айтып берді.

№1 ереже: Батырсынба

Егер сіз қарапайым адам болсаңыз және сізге қару кезеніп тұрса, онда батырсынудың қажеті жоқ.

«Мұндай жағдайда ерлік жасауға әрекеттену арнайы дайындығы жоқ адам үшін аса қауіпті болады. Сіз қаскүнемнің қолындағы қаруды тартып алмақ болдыңыз немесе тағы басқа әрекет жасадыңыз делік. Оның салдарынан оқ атылып, өміріңізді қиюы мүмкін», – дейді Әлиев.

Мұндай жағдайда барлығын ақылға салып, сабырлық таныту маңызды деп санайды сарапшы. Бұл шабуылға куә болған жағдайға да тікелей қатысты.

«Ақыры ешқандай жақсылыққа алып келмейтін жаққа бас сұғып қайтесіз? Кейде адамдар әуестікпен, бірдеңені білуге деген құмарлықпен осындай әрекетке барып жатады», – деді ол.

№2 ереже: Әлеуметтік желі жайлы ұмыт

Өзіңіз куәсі болған оқиға орнында түсірген фото немесе видео құқық қорғау органдары үшін пайдалы ақпарат көзі болуы мүмкін. Алайда қандай да бір қауіп бар болса, онда ол ойдан бас тартыңыз.

«Қазір қалыптан тыс жағдайды камераға түсіріп, оны жариялап, лүпіл жинау әлемдік трендке айналды. Егер атыс жүріп жатса, онда сол жерге барып, әлеуметтік желіге жариялау үшін видео немесе селфи түсірудің қажеті жоқ. Қаңғыбас оқ сізге тию қаупі жоғары. Қажетсіз куәгердің көзін жою үшін әдейі оқ атуы да әбден мүмкін», – дейді Әлиев.

Сол сияқты терезе немесе шыны сөре артына тығылу қауіпті.

«Ол адам терезе арқылы видео түсіріп тұр делік. Жарылыс болып, шыны әйнек шытынауы және сынықтары шашырауы мүмкін. Шыны сынықтары ауыр жарақаттарға алып келеді», – деді сарапшы.

Егер тығылатын орын тапсаңыз, жерге жату керек немесе тізерлеп отырған абзал.

«Атыс кезінде орнынан тік тұрған адамдардың жаралануы жиі кездеседі. Сондықтан жерге жату керек немесе тізерлеп отырған дұрыс», – дейді Әлиев.

№3 ереже: Табиғи түйсікке сен

Қауіп төнген жағдайда қалай қарай қашу керектігін айқындайтын ішкі дауысқа құлақ түру керек.

«Біздің санамызда өзін өзі қорғау түйсігі бар. Қауіп пайда болған жағдайда ағзада адреналин артып, адамның ойлау қабілеті артады, тіпті ол күнделікті өмірдегіден әлдеқайда жылдам жүгіруі мүмкін. Яғни кейде қандай дұрыс әрекет жасау керек екенін анықтайтын ішкі дауысқа құлақ асу керек», – деді Әлиев.

Сарапшы қолында қаруы бар адамнан тура жолмен емес, ирек жол жасай қашқан дұрыс деп санайды. Мұндай әдіс оқ тию қаупін төмендетеді.

№4 ереже: Полицияға хабарла

Басқыншылық кезінде мейлінше жылдам полицияға хабарласуға тырысу керек.

«Оқиға жайлы, яғни қаруы бар адамдар немесе адамдардың айғайы туралы уақытылы хабарлаудың маңызы зор. Ондай кейін белгілі бір алгоритм мен әрекеттер жоспарына сәйкес шаралар қабылданады. Адамдарды осы жағдайға жұмылдыруға біраз уақыт кетуі мүмкін. Бірақ барлық жерде осылай. Қалай болғанда да механизм іске қосылады», – деді Әлиев.

Ол мұндай жағдайды өртпен салыстырды: бастысы оқыс оқиға туралы кәсіби мамандарға хабарлау керек және олардың тиісті деңгейде күрес жүргізуіне мүмкіндік беру қажет.

«Бұқар Жырау» тұрғын үй кешеніндегі атыс

Қайғылы оқиға өткен сенбі, 24 сәуірде «Бұқар Жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінде болды. Осы нысанда тұратын тұрғынның бірі күзетшімен дауласып, оның аяғына оқ атқан. Содан кейін ол 17-қабаттағы өз пәтеріне қамалып, тоғыз сағат бойы полицияға оқ атты. Тәртіп сақшылары арнайы операция бастаған кезде ол терезеден секіріп көз жұмды. Қолда бар ақпаратқа сәйкес, ол 1963 жылы туған және Ресейден (Дағыстан республикасы) көшіп келген. Осы үйде шамамен 10 жыл бойы тұрған. Көршілері оның түсініксіз плакаттарды терезеге жиі ілгенін және ашушаң азамат болғанын айтты.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button