Қазақстанда

Жер тек қазақстандықтарға беріледі

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды.

Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Еліміздің егемендігін нығайту және халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, 2016 жылғы 6 мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына жеке меншікке беруге мораторий енгізілді. Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында жер мәселесі қашанда халқымыз үшін аса маңызды екендігін айта отырып, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заңнама жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Аталған тапсырманы Президенттің заң шығару бастамасы шеңберінде жедел жүзеге асыру қажет деп шешілді. Осыған байланысты, тиісті заң жобасын Парламент Мәжілісі мақұлдап, ағымдағы жылдың 14 сәуірінде Сенатқа енгізді.

«Ұсынылған заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салу көзделген. Бұдан басқа, Заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мерзімі ұзартылмайтыны және олар пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны көзделген. Ал қандастар жер учаскесін жеке қосалқы шаруашылық, бақ өсіру және саяжай құрылысы үшін ала алады, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар», – деді министр.

Заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында сенатор Әбдәлі Нұралиев құжаттың нормаларына қатысты Сенаттың тұрақты комитеттері мен жекелеген Сенат депутаттарынан 2 ұсыныс түскенін, олар Салыстырмалы кестеге енгізілгенін атап өтті.

«Аталған ұсыныстар бойынша жеке орман өсіру үшін жер учаскелерін тек Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік үлесі жоқ Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беру туралы тиісті өзгеріс пен толықтыруды Жер кодексінің 48-ші және 128-бабына енгізу ұсынылып отыр. Заң жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына және қолданыстағы заңдарына сәйкес келеді. Заң жобасын қабылдау құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарының кері әсерін тигізбейді, мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржыларды талап етпейді», – деді Ә. Нұралиев.

Талқылау кезінде палата депутаттары аталған ұсыныстарға қолдау білдірді.

Суретті түсірген: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button