АТЫРАУДА ҚЫРКҮЙЕКТЕН БАСТАП 109 БІРЫҢҒАЙ БАЙЛАНЫС ОРТАЛЫҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Атырау облысында карантин кезінде сынамалы режимде жұмыс істеген 109 бірыңғай байланыс орталығы 15 қыркүйектен бастап толық іске қосылады, – деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Байланыс орталығы – өңір тұрғындарының әр түрлі сұрағына жауап беретін болады. Нақтырақ айтқанда, мұнда азаматтар коммуналдық мәселелер, медициналық қызметтер, білім беру және басқа да мәселелер жөнінде сұрақтарын қойып, арыз-шағымдарын айта алады. Облыс әкімі аппараты «Ахуалдық орталығының» басшысы Аманат Табылдиевтің айтуынша, бүгінде 109 бірыңғай байланыс орталығында 29 маман бар.

Бұдан бөлек, 109 бірыңғай байланыс орталығы халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуғакедергі келтіретін бірқатар кемшіліктерді жоюға да әсерін тигізеді. Осы мақсатта орталық мамандары тұрғындардың өтініштерін «109» қысқа нөмірі, WhatsApp чат бот, облыс әкімдігінің сайты (өтініштер қабылдау виджеті), 109@scatyrau.kz электронды поштасы және (atyrau109) Telegram чат бот арқылы қабылдайды. Оған қоса, осы жылдың қазан айында 109 бірыңғай байланыс орталығының арнайы мобилді қосымшасы іске қосылмақ.

Өз кезегінде аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов аталған орталықтың маңыздылығына тоқталып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, облыс тұрғындары 109 бірыңғай байланыс орталығының қызметіне тәулік бойы жүгіне алады.

Exit mobile version