ЕМБІЛІК МҰНАЙШЫ МУЗЕЙГЕ МЫҢЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖӘДІГЕРЛЕРДІ ТАРТУ ЕТТІ

by Depti
0 views

Жан-жақты талантты азаматты сипаттау мақсатында қолданылатын «Сегіз қырлы бір сырлы» тіркесі ембілік Рауан Сабировқа дәл арналып айтылғандай. Жуырда «Ембімұнайгаз» АҚ жаңа техника және технологиялар департаментінің директоры Р.Сабировтың бала кезден жинаған құнды жәдігерлері «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай кешенін толықтырды.

28 шілде күні бірегей кешенге ондаған археологиялық жәдігер тапсырылды. Музей кешені қызметкерлерінің айтуынша, олардың басым көпшілігі сармат дәуіріне жатады. Сарматтар – б.з.д. IV-VI ғғ. Орал мен Дунай аралығын мекендеген тайпалар. Ежелгі тас дәуіріне жататын бұл кезеңдегі жәдігерлер ішінде – бірнеше қола жебе, ойылған таңбалар бейнеленген қыш ыдыс бар. Музей кешені қызметкерлерінің айтуынша,  мұндай қазыналар далада құм көшкіні болғаннан кейін жиі кездеседі. Сарматтық ақсүйектер өкілдері о дүниеге аттанғанда, аттары, қару-жарағы және т.б. қолданған тұрмыстық заттарымен бірге жерленген.  

– Бала кезімде Қызылқоға құмдарынан біз көптеген заттарды табатынбыз. Кейін бұлар туралы тарих кітаптарынан оқып жүрдік. Тіпті балалар тауып алған жебелерді қолдан жасалған садаққа қадап, ойнап жүрген кездері де болды. Тарихға деген қызығушылығымды қалыптастырған, сыры кетсе де, сыны кетпеген мұндай құнды қазыналар ауылдағы үйде көп болды. Осыдан бірнеше ай бұрын осы музейге келгенімде жәдігерлердің көпшілігін Елордадағы мұражайға алып кеткенін естіп, үйдегі коллекциямды қазақстандықтар мен ел қонақтары көптеп келетін осы музей кешеніне тапсыруға шешім қабылдадым, – дейді Рауан Сабиров.  

Музей кешені қызметкерлерінің айтуынша, мұндай үлкен сыйлық, әсіресе сармат дәуіріндегі жәдігерлер – олар үшін сирек кездесетін қазына. Бұдан басқа музей түркі тектес және қазақтың қолданбалы мәдениетінің жәдігерлерімен толықтырылды. Тағы бір құнды сыйлық – мұражай кешенінің аумағында киіз үйді безендіруге арналған түлкі терісі.

Қордың жетекшісінің мәлімдеуінше, бұған дейін терілерді ауыл адамдарынан уақытша алып келген. Айта кетейік, Рауан Сабиров мұражайға тарту еткен түлкі терісі – әріптесіміздің тағы бір шебер қыры – аң аулау кезінде алған олжасы.

Тағы бір айта кетерлігі, Р.Сабировтың бала кезден геология саласына да қызығушылығы артып, тарихи геологиялық карталардың, асыл тастар минералдардың коллекциясын жинақтады. Осы коллекциялар Ембінің бас кеңсесінде бай көне тарихтан сыр шертетін мұражай ашуға  мұрындық болды.

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com