САРАПТАМА

«Қаным башқұрт, құжатта – қазақпын»

Тәуелсіздіктің құрдасы саналатын Әнуарбек КСРО құламай тұрып 1991 жылдың қаңтар айында Челябы облысы, Аргаяш елді мекенінде дүниеге келген. Сол жақта өмірінің алғашқы жылын өткізген ол отбасы жағдайына байланысты анасы Гүлнәр туған жері Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылындағы  нағашыларының қолына қоныстанады. 1997 жылы аталған елді мекендегі Миялы орта мектебінің табалдырығын аттап, 2008 жылы үлкен өмірге қанат қағады. Білім қуған Әнуарбек Халел Досмұхамедов атындағы атындағы Атырау мемлекеттік университетінде экология бакалавры және биология магистры мамандықтарын алып шықты. Бірақ көркемсөзге, шығармашылыққа деген құштарлығы оны журналистика саласына ап келді. Қазіргі таңда «Мақат тынысы» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі, жары Сағадатпен екі ұл тәрибелеп отырған шаңырақ иесі.

  Ол – облысқа танымал айтыскер, ол – ауданға белгілі асаба, ол – талай кейіпкерді газет бетіне шығарған журналист және Мақаттағы көптеген шаралардың басы-қасынан табылатын  белсенді жан. Әрине, әңгімеміз Әнуарбек Садықов жайында.  Бірінші мамыр мерекесінің ол жігітке де қатысы бар екендігін бірі білсе, бірі білмейді.

Өз басым Әнуарды 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында әр ауданда өткен айтыстардан бастап танимын. Мен 1 курсқа түсіп Атырау ақындарымен енді арласып жүрген кезімде ол айтыс сахнасында жүретін. Кейін екеуміз  4 жыл ішінде 4 рет айтысқан екенбіз. Бір қызығы таныған бастапқы жылдарымда Әнуардың башқұрт екендігін білген жоқпын. 2013 жылғы бір айтыста қарсыласының оның ұлтын атап өткендігі көпшілік үшін жаңалық болды. 

Әнуарбектің басқа ұлт, нақтылағанда башқұрт екендігін аңғармаған себебіміз – оның айтысын ешбір қазақ ақынынан, түрін қазақтан ажырата алмайсыз. «Жігіттің жақсылығы нағашыдан» деген мақалдың өміршеңдігіне осындайда көз жеткізе түсеміз. Нағашы әжесінің тәрбиесін көріп, қасиетті Қызылқоға топырағынан нәр алып өскендіктен қазақилығы қаладағы кейбір қандастарымызды орап алады. Бірлік күні қарсаңында Әнуарбек әріптесіммен сұқбаттастым. 

  • Әнуарбек сөз өнеріне жақындығың мен тіл байлығыңның арқасында тілшілік тіршілікті кешіп жүргеніңді білеміз. Балғын балалық шақта кім болғың келді?
  • Алғашында ақ халатты абзал жандарды үлгі тұтып дәрігер болғым келген.Өсе келе «боевик» жанрындағы кинолардың әсерімен актёр болсам ғой деп қиялдап қойғам.
  • Үлкен кісілердің қолында өскен балалардан шығармашылық адамдары жиі шығады. Олар «біртүрлілеу» болады деп жатады. Сен де әжеңнің жекеменшік баласы болғаның рас па?   
  • Иә, қазіргідей тұлға болып қалыптасуыма бірден-бір себепкер – менің әжем. Анам екеуін де «мама» деп атағаныммен анамды апамдай көрдім. Өкінішке орай анам 6 жасымда «жаман аурудың» салдарынан өмірден өтіп, әжемнің арқасында жетімдікті мүлде сезбедім. Ол 6 баламен жесір қалған тағдырлы кісі еді. Сол қарттың беделінің арқасында ешкім кимегенді киіп, балдар отырмайтын жерде отыратын болдым. Қатысқан байқауларда жеңімпаз атанып, мектепте жүргенде бірнеше мәрте «Жігіт сұлтаны» атағын иемденіп әжемді қуантқан сәттер мен үшін ең тәтті естеліктер.
  • Әкең башқұрт, анаң қазақ. Осы екі ұлттың арасынадағы қандай ұқсастықтарды айтар едің?
  • Екі халықтың түп-тамыры бір атаға тірелетіні сөзсіз. Соның ішінде Кіші жүз жұртымен Ақжайықты тел еміп, тарихы да байланысып жатыр. Мен тіпті, башқұрт пен қазақтың арасы қазақ пен қырғыздан жақын деп ойлаймын, өйткені екеуіне ортақ рулар бар. Қазақстанымыздың өз алдына дербес мемлекет ретінде көсегесін көгеріп келе жатқанын көріп осындай егемендік башқұрттарға да, қала берді барша түркітектес елдерге бұйырса екен деген ішкі арманым бар. 
  • Қызылқоғаның төл перзентісің деуге болады, Мақаттың тұрғынысың. Осы екі өңірдің сен үшін алатын орны қандай?
  • Қызылқоға қазақылық қаймағы бұзылмаған , ұлтқа тән қасиеттерді бүгінгі ұрпаққа дейін жеткізген өлке. Мақат өндірісті өңір болғасын жан-жақтан келгендер көп. Ауылы аралас, қойы  қоралас жатқан, төсекте басы қосылмаса да, төскейде малы қосылған екі ауданды бөліп жара алмаймын.
  • Айтысқа басқан алғашқы қадамың мен ең басты жүлделеріңе тоқтала кетсең…
  • Алғаш айтыс сахнасына 12 жасымда шыққанмын. Осынау ұлы өнерге бала күннен баптаған Бағдагүл Игенбайқызы, Гүлшат Хасан, Зила атты ұстаздарымды айтып өтер едім. Университетке түскеннен кейін Өнербек деген досым айтысатынымды біліп Қойшығұл Жылқышиев ағайдың алдына алып барды. Жүйріктермен жарысу алғашында оңай тимегенімен бірте-бірте шеберлігім шыңдалып облыстық додаларда 4 мәрте бас жүлде алдым.
  • Егер өзің айтпасаң башқұрт екеніңді білмейтін де едік. Өзгелер ұлтың кім екенін естігенде таң қалысқан қызықты сәттер болды ма? 
  • Ондай жағдайлар әсіресе журналсит әріптестерімнің тарапынан жиі болады. Бір телеарнаға сұқбат бергенімде «бұл айтыс үшін ғана айта салғаныңыз ба?» деп сенімсіздікпен сұрақ қойған кездері бар.
  • Айтыстарда кіл еркектің арасында қыздар қатысса ерекше сый-құрметке ие болатынын байқаймыз. Сол секілді саған қазақтардың арасындағы жалғыз башқұрт болып айтысқанның пайдасы тиді деп ойлайсың ба?
  • Башқұрттығыма байланысты тақырып айтыста үш-ақ рет көтерілген екен. Біреуі халықаралық айтыста Бақытжан Қасымовқа қарсы шыққанымда. Ол ақынмен арамызда тамаша бір нағашы мен жиеннің айтысы туып қазылардың оң бағасын алған болатын. Менің башқұрттығым қайта қарсыластырарым үшін тілге тиек ететін бір әңгіме болып тұр. Кез-келген жағдайды ұтымды пайдалану мен кез-келген тығырықтан шығып кету ақынның мықытылығында.
  • Көптеген өзге ұлт өкілдері «Қазақстан халқы Ассамблеясын» маңайлап жүреді. Ал сенің ол ұйыммен мүлде байланыспауыңның себебі неде?
  • Мен тек айтыс сахнасында ғана жасанды образ секілді қылып башқұртпын деп айтады екенмін. Қазақтың ортасында жетіліп, нанын жеп өскеннен кейін құжатыма «қазақ» деп жазғыздым. Расымды айтсам, бала күнімде башқұрттар туралы мүлде білмегем. Ал Ассамблеяда әкесі мен шешесі де өзге ұлт өкілдері болып келетін адамдар жүргені дұрыс деп ойлаймын. Бірақ егер ол жерге менің тиетін пайдам болса және маған тиер пайдасы болса ойланып көруге болады.
  • Сегіз қырлы жігіттің бойында ел білмейтін басқа қандай қырлары?
  • Оқушылық, студенттік шақтарда күрес және джиу-джитсумен айналысқанмын. Сондай-ақ 10-нан астам жазған әнім бар. Жарыққа шыққандары: «Қызғанба», «Қазақта той бітпесін» және «Мақат жастары» әндері.
  • Алдағы мерекеге байланысты жүрекжарды тілегің?
  • Елімізде әрдайым татулық пен ынтымақ орнап тұрсын деймін. «Бірлігі жарасқан Қазақстан» деген атымыздан айрылмайық!

Әр адам ешкімге ұқсамайтын тағдырымен өз алдына бір энциклопедия. Күлкінің де астарында мұң жасырынып жатады. Тереңірек тілдеспесек жанымыздағы жанның өзі жұмбақ болып қала бермек. Бәлкім,сіздің айналыңызда да қыры мен сыры мол пенделер жүрген шығар?!  Ал біздің Әнуар осындай!

Асылбек Есжан

Мақат ауданы    

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button