ТанымАТЫРАУДА

Арзан тауарды ашкөздік қымбаттатады

Жұт келе жатқандай, осы біздегі ашкөздік қайдан пайда болды? Кейінгі уақытта арзан дүниенің соңына ашқарақ көзбен қарап өз құнымызды өзіміз түсіріп жатқанға ұқсаймыз. Мәселен, тап осы жағдайды қант тапшылығына қатысты айтуға болады.

Елдегі ресми мәліметтерге сенсек, елімізде қант тапшылығы болмауы тиіс. Алайда дүкен сөрелерінде таңертең болған шекер кешке болмай қалады. Неге? Қара халыққа қажетті мөлшерде жеткізілмей отыр ма? Әлде басқа себеп пе? Біздің түсінігімізше, мәселенің тағы бір астары бар секілді.

«Лидер», «Идеал» супермаркеттерінде бекітілген бағамен жеткізілген қант лезде жоқ болады. Ал шағын дүкендер мен ірілі-ұсақты сауда нүктелерінде килограмы 700-800 теңгеден болатын қантты кезіктіруге болатынын қала тұрғындары да, алыс аудандағы ауыл жұртшылығы да айтып жүр.

Супермаркеттерден табылмайтын қант басқа сауда орындарында қымбат бағада қайдан жүр? Дәл осы жерде мәселенің ақ-қарасы айқындалатындай. Ойлап қараған адам арадағы алыпсатарлардың екі ортадан пайда тауып отырғанын оңай аңғарады. Оның үстіне, осы жерде көптеген тұрғынның жеке қорды артығымен толтыру деген сыңаржақ пікірі де қылаң береді. Нәтижесінде, арзан бағадағы қант қат болып шыға келеді.

Таяуда бір танысымыздың әлеуметтік желідегі парақшасынан 50 келілік екі қап қант сатып алғанын оқығанымда еріксіз жағамды ұстадым. Ал бұндай тұтынушылар аз ба?

Осыдан шығатын ой – барлығын бірдей мемлекеттік органдарға ысырып қоймай, ашкөздік пиғылдан арылып, сауда мен тұтыну мәдениетін қалыптастыру жағдайын да ойластырсақ қайтеді? Бұны тоқтатпасақ, ешбір қордың жинағы да бізге азық болмасы анық деп есептеймін.

Ару ҰЗАҚОВА,
Х. Досмухамедов атындағы университеттің 4-інші кешкі бөлім студенті

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button