АТЫРАУДА

47 жастағы атыраулық алты жасар қызды балмұздақ әперемін деп дәретханаға кіргізген…

Соңғы бес жылда елімізде кішкентай балалаларға қатысты сексуалдық сипаттағы 4000-ға жуық қылмыс жасалса, жыл басынан бері бостандыққа 50-ден астам педофил шыққан.

Атырау облысында 4 педофил тұрады. Олардың мекен-жайы мен жасаған қылмыстары туралы Express Qazaqstan тілшісі ашық деректерден мәлімет іздеп көрді.

Педофилдер қайда тұрады?

Ресми статистикаға сүйенсек, соңғы бес жылда елімізде зорланған балалардың саны 45,8 пайызға өскен. Түрмелерде 1861 педофил жазаларын өтеп жатыр. Ал 2020 жылдан бері балаларды зорлағандарға рақымшылық пен кешірім қолданылмайды және мерзімінен бұрын бостандыққа шыға алмайды.

Қазір Атырау облысында бұрын балаларды зорлаған төрт ер адам тұрып жатса, сегіз адам түрмеде жазаларын өтеп жатыр. Олар туралы мәліметті ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің сайтынан табуға болады.

Мәселен Жылыой ауданы Құлсары қаласында 10 жыл бұрын үш жасар қызды зорлаған ер адам тұрады. Ол бес жылға сотталғанымен, екі жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан.

2009 жылы үш жасар қызды зорлаған 35 жастағы ер адам бес жарым жылға сотталып, ол да мерзімінен бұрын босап шығып, қазір Атырауда тұрады.

2014 жылы алты жасар қызды балмұздақ әперемін деп, көшедегі дәретханаға кіргізіп, шешіндірген 47 жастағы ер адам Қылмыстық кодекстің ескі редакциясындағы 124-бап («Жас балаларды азғындық жолға түсіру») бойынша үш жылға ғана сотталып, түрмеден босап шығып, өзінің туған жері Құрманғазы ауданына кеткен.

Дәл осы ауданда 41 жастағы ер адам 11 жасар қыздың жыныс мүшесін ұстап, азғындық ойын іске асырмақ болған. Ол сегіз жылға сотталып, бостандыққа шықты.

«Түрмеде шіріп өлсін!» Түрмеде отырған педофилдер қандай қылмыс жасады?

Атыраулық сегіз педофил түрмеде жазаларын өтеп жатыр. Биыл олардың ешқайсысы бостандыққа шықпайды. 2014 жылы 38 жастағы мас тұрғын төрт жастағы қызды балмұздақпен алдап, моншаға кіріп, шешіндіре бастағанда қолға түскен. Ол ҚК 121-бабының 4-тармақшасы («Жас балаға қатысты көрінеу сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша қатаң режимдегі колонияға 15 жылға сотталды.

2015 жылы Атыраудағы подъездердің бірінде 32 жастағы ер адам 11 жастағы оқушыны ұстап алып, зорлық-зомбылық көрсетпек болғанда, қызды таксистер аман алып қалады. Қаскөй да 15 жылға сотталды.

Ең сорақы қылмыстардың бірі — Қызылқоға ауданында ер адам өзінің туған қарындасын үш жыл бойы зорлап келген. Оған қатаң режимдегі колонияға 15 жыл жаза кесілді. Осы жылы Атырау тұрғыны екі жыл қатарынан өзінің балдызы мен құрбысын зорлағаны үшін 17 жылға сотталды. Балдызы мен оның құрбысы 10 және 11 жаста болған.

2016 жылы Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 44 жастағы шопанның көмекшісіне үкім шығарды. Ол қыстақта үш жасар қызға азғындық әрекеттер жасаған. Сот 19 жылға бас бостандығынан айырды.

2017 жылдың қыркүйегінде Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 8 жасар қызды зорлап, Жайыққа батырып жіберген Бесікті ауылының 28 жастағы тұрғынына қатаң режимдегі колонияда 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі.

2019 жылдың тамызында полицейлер тұрғын үйлердің бірінің подъезінде 5 жасар қызға сексуалдық іс-әрекет жасаған 44 жастағы Атырау тұрғынын ұстады. Кейінірек сот оған қатаң режимдегі колонияда 17 жылға бас бостандығын айыру жазасын кесті.

2019 жылдың қыркүйегінде әйелі үйде жоқ кезде 13 жастағы өгей қызын зорлап келген Атырау тұрғынының соты өтті. Өгей әкесінен қорыққан қыз бұл туралы ешкімге тіс жармаған. Қыз жүкті болып, анасы дереу полицияға жүгінген кезде, шындықтың беті ашылады. Педофил 15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Express Qazaqstan тілшісі педофилдің құрбаны болғаны атыраулық қыздың ата-анасына қоңырау шалып еді, қыздың анасы сөйлескісі келмеді.

«Ол туралы айтқымыз келмейді. Оның түрмеде шіріп өлгенін ғана қалаймыз. Әр күні азаппен өтсінші!» дейді зорланған қыздың анасы.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button