АТЫРАУДА

«Атырау-Астрахань» пойызы қашан жүреді?

Атырау-Астрахань бағытындағы әбден күйі кеткен тас жолмен қатынап, ығыр болған тұрғындар екі ортаға теміржол қатынасын қосуды талап етуде. 

Сәуір айында тиісті басқарма басшылары Атырау-Аққыстау-Дина Нұрпейісова бағытында облысішілік теміржол қатынасын бекіту туралы шешімді депутаттардың қарауына ұсынған. Бірақ, әлі бір нәтиже шықпаған. Ал, Құрманғазы мен Исатай ауданы тұрғындарының екі ортада таксимен жүргеннен басқа амалы жоқ. Көлік жүргізушілері оның да бағасын көтеріп жіберген.

«Атырау-Құрманғазы тас жолының жағдайын көріп тұрсыздар. Жолдың жағдайы өте нашар. Пойыз шығады деп айтылды. Сессия болды, депутаттар сөз сөйледі. Теміржолдың басшылары да сөйледі. Бірақ ешқандайда қозғалыс жоқ. Демалыс күндері, мереке күндері таксистер бағаны қымбаттатып жібереді», — дейді тұрғындар. 

Олардың айтуынша, такси бағасы мереке және демалыс күндері қымбаттайды. Оны бақылап жатқан ешкім жоқ. Жауапты басқарма «жолаушылар пойызын барынша тезірек жүргізуге жұмыстанып жатырмыз» дегенді айтқанмен, пойыздың қашан жүретіні белгісіз. Бар анығы, екі ортаға 3 вагон бөлініп отыр: бір плацкарт және жалпы үлгідегі 2 вагон.

«Бүгінгі таңда Атырау облысы әкімінің «Атырау-Д.Нұрпейісова» бағытына теміржол қатынасын айқындау және ұйымдастыру туралы қаулы жобасы ҚР Әділет министрлігіне ұсынылды. Қазіргі таңда Әділет министрлігінен келісім алу жұмыстары жүргізілуде. Келісім алынғаннан кейін Атырау облысы әкімінің қаулысы қабылданатын болады. Аталған қаулы қабылданған соң Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар басқармасынан облыстық бюджетке субсидия төлеу үшін бюджеттік өтінім жолданатын болады», — деп жауап берді Атырау облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Ерлан Сәрсенғалиев. 

Ал аталған органдардың шешімі шығып, қазынадан қаржы бөлінген соң «Атырау-Д.Нұрпейісова» бағытында қатынайтын жолаушылар пойызын тасымалдайтын компанияны анықтау үшін байқау жарияланады. Өкінішке қарай, бұл процестің тез арада біте қоймасы белгілі. Сол себепті халықтың қымбат болса да, такси қызметін пайдалана тұрғаннан басқа қылар қайраны жоқ.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button