АТЫРАУДА

Атырау базарларында карантин талаптары неге сақталмайды?

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мәдениет Танауовтың соңғы қаулысына сәйкес, сенбі, жексенбі күндері азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Дегенмен қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы қажет. Өкінішке қарай, індеттің таралмауына бірден-бір себепші осынау шарт сауда орындары мен базарларда әрқалай орындалуда. Оған өзіміз де куә болдық.

Өткен аптаның соңғы жұмыс күнін сауда орындары мен базарларды аралауға арнадық. Мұндағы мақсатымыз, көпшілік орындарда санитарлық талаптардың қаншалықты сақталатынын бақылау еді. Қала орталығындағы «Байзар» сауда-ойын сауық орталығына келгенімізде көпшілікті қауіпті індеттен сақтандырып жатқан хабарландыруды құлағымыз шалды. Бұл талапты – келушілердің бетперде киюін, санитарлық талаптарды сақтауын есік аузындағы күзетші жігіттер қатаң қадағалап тұр. Байқағанымыз, алып ғимараттың есіктерінің алдына келушілердің дене қызуын қашықтан өлшейтін – «тепловизор» орнатылған. Сату орындарына антисептик қойылып, кіреберістеріне «арақашықтықты сақтау, бетпердесіз кірмеу және бір уақытта қанша адам сауда жасай алатындығы» жөнінде ескертпе ілінген. Еденнің әр тұсынан «қашықтықты сақтаңыз!» деген жазбаларды көрдік. Осындай ескертпелерді ойын-сауық орталығының кез-келген жерінен кезіктіруге болады.

– Сауда орталығының әкімшілігі күн сайын саудагерлердің қалыптасқан жағдайға сай болуын қадағалап отырады. Соның ішінде «бетперделік режимді» қатаң ұстануға ерекше мән беріледі. Орталықта екпе салу пункті де бар, – деді «Байзар» сауда орталығының аға администраторы Гүлжан Қожахметова.

Иә, қауіпті індеттен құтылудың бір амалы – вакцина егу екені а н ы қ . Д е ге н м е н о бл ы с т а е к п е салдырғандардың саны әлі көп емес. Ал, көпшілік орындарда оған жағдай жасалуы құптарлық әрекет болды.

– Тұрғындардың вакцина салдыруы сәуір айында қарқынды жүрді. Ол кезде осы екпе пунктінен күніне 100-150 адам вакцина алатын еді. Кейбір күндері барлығына бірдей қызмет жасауға үлгере алмағанымыз да рас. Әйткенмен соңғы кездері келушілер қатары күрт азайды. Қазір күніне 2-3 адамға ғана қызмет көрсетеміз, – деді екпе пунктінде қызмет көрсетіп жүрген №5 қалалық емхананың учаскелік дәрігері Фариза Бектоғаева.

Осылайша, «Байзардағы» ахуалмен танысқаннан кейін қала халқы көп баратын «Дина» базарына бет алдық. Бұл сауда орнының төңірегі әдеттегідей у-шу. Иін тірескен көліктердің арасымен жүріп отырып, киім-кишек, азық-түлік сататын жабық павильонға жақындадық. Есік аузына залалсыздандыру құрылғысы орнатылыпты. Жаймен басып одан өтсек, «дөңкиген» дүние тек көз бояушылық үшін қойылған екен. Бетпердемізді тағып, базар ішіне кірдік. Бірден көзімізге түскені – мұндағы сатушылардың түгелге дерлігінде бетперде жоқ. Жайбарақат саудаларын жасап отыр. Құдды, бүкіл әлемді шарпыған індет бұл базарды айналып өтетіндей. Шеткі сатушыға: «Кешірерсіз, бетпердеңіз қайда?» дегенімізде «Бар-бар» деген ол сөре астынан бірдеңе іздегендей болды. Осыдан соң, бірер қатарды бойлай жүріп, бетперде тағыну қажеттілігін ескертіп көрдік. Бұл әрекетімізге жауап ретінде кейбірі иегіне түсіріп қойған қорғаныш құралын тағынып жатса, енді біреулері «сен кім едің?» деп өзімізге тап берді. Азық-түлік, жеміс-жидек сатылатын жабық орында осындай жағдайды көргеннен соң, басқа жағын аралаудың қажеті жоқ екендігін түсіндік. Санитарлық жағдай сақталмаған «қауіпті орыннан» тезірек шығып кетуді жөн көрдік. «Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді» дегендей, базардың басқа бөліктеріндегі жағдай да осындай еді. Иә, бір қаладағы екі сауда орнының санитарлық талаптарды орындаулары екі басқа. Бұл жердегі кемшілік базар әкімшілігінің талап етпеуінен туындап тұр. Сондықтан, базардағы немқұрайлылықты тез арада жою амалдарын жүргізу қажет.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button