АТЫРАУДА

Атырау облысының әкімі білім сапасын жақсарту бағытында кеңес өткізді

Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың төрағалығымен «Атырау облысының орта білім беру жүйесін дамытуға қолдау көрсету» жобасы бойынша кеңес өтті.

Аймақ башысы өңірдің білім беру көрсеткіштерін арттыру және Зияткерлік мектептердің тәжірибесін енгізудің маңыздылығына тоқталды:

  • Мемлекет басшысы жыл сайын халыққа жолдауында білім беру мен денсаулық сақтау саласына баса назар аударуды тапсырады. Әр азамат сапалы білім алуына құқылы. Еліміздің Тұңғыш Президенті негізін қалаған «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» ДББҰ тәжірибесін әлемнің алпауыт мемлекеттері мойындап отыр. Үздік үлгідегі оқыту моделін біздің облыстағы мектептерге де әкелу арқылы өңірдің білім сапасын көтеріп, атыраулық оқушылардың бәсекеге қабілеттіліктерін арттыру мақсатымыз бар. Осыған орай білім берудің 2021-2023 жылдарға дейінгі жол картасы әзірленіп, ДББҰ мен екі жақты келісімге қол жеткізілді, – деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Жиында «Назарбаев Зияткерлік Мектептері» ДББҰ Басқармасының төрайымы Күләш Шәмшидинова білім беруді дамытуға арналған жобаның негізгі бағыттарын таныстырды:

  1. Талдау және мониторинг
  2. Балалардың жағдайы
  3. Мүмкіндіктер мектебі
  4. Педагогикалық кадрлар
  5. Инфрақұрылым

Барлық жалпы білім беретін мектептердің 14 жастағы оқушыларының функционалдық сауаттылығының қалыптасуы бойынша мониторингтік зерттеулер, 50 мектепте 4-ші және 8-сынып оқушыларының оқу жетістіктерінің көрсеткіштері жүргізілетін болады. Зерттеу және мониторинг нәтижелері бойынша әр оқушыға, сыныпқа және мектепке есеп беріледі.

Білім беру ұйымының қызметкерлерінен білім беру сапасы туралы деректерді жинау және талдау бойынша талдамалық топ құрылатын болады. Педагог қызметкерлердің қажеттіліктеріне зерделеу жүргізіледі. Біліктілікті арттыру курстарында цифрлық сауаттылықты арттыруға басымдық беріледі. Қазіргі уақытта оқушылардың психологиялық ахуалы өзекті мәселе болып отыр. Осыған орай, бірінші кезекте, отбасылық өзара қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған ата-аналармен жұмыс ұйымдастырылады.

Атырау қаласында 10-11 сыныптарға арналған жоғары мектеп құру жоспарлануда. Орта білім жүйесінің инфрақұрылымын, білім беру ортасын дамытуға арналған консультативтік қолдау көрсетілетін болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button