Атырауда 15 жастағы жасөспірім полицияға жалған хабарлама берген

img 20210412 wa0028

Атырауда полицияға жалған хабарлама берген 15 жастағы жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды, деп хабарлайды Depti.kz тілшісі.

10 сәуір күні сағат 00:10 шамасында  Атырау қаласы Полиция басқармасының 102 операторына белгісіз адам қоңырау шалып, Дамбы селосында орналасқан Амангелді атындағы орта мектептің алдында бір топ бала төбелесіп жатқандығы жөнінде хабарлама берген.

Хабарламаны тексеру барысында берілген хабарламаның жалған екендігі анықталып, полицияға жалған ақпарат берген 2006 жылы туылған жасөспірім анықталды.

Анық болғандай, жасөспірім бала «қалжың үшін» полицияға қасындағы досының телефонынан қоңырау шалып, топтасқан төбелес туралы хабарлаған. Аталған факт бойынша жасөспірімнің ата-анасына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 438 бабының 3 бөлігімен (Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру, он төрттен он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар жасаған әрекеттер) әкімшілік хаттама толтырылып, 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Одан басқа, түнгі сағат 23:00 кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүргені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабының 2 бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту берілді.

Сонымен қатар, Атырау қаласы Полиция басқармасы тұрғындардың назарына арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақырған жағдайда, ҚР ӘҚБтК-нің 438 бабы бойынша жауапкершілікке тартылатындығы жөнінде ескертеді.

Бізді әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: