АТЫРАУДА

Атырауда 2,5 тонна балық қырылды

«Қайыршақты» ауылдық округіне қарасты Бесікті ауылы маңындағы «Безымянное» жайылмасынан 2,5 тонна балық өлексесі жиналды.

Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбалардан жайылманы жағалаған жұрттың қарасы көбейіп, тірі балықтарды қапқа салып алып кетіп жатқанын көруге болады.

«Бұл туралы біз фейсбук парақшасынан көрдік. Естіген бойда келіп, 120 литрлік бөшкені ортасына дейін балыққа толтырдық», — дейді атыраулық тұрғын Альбина БЕКТІБАЕВА.

Енді бірі балық өлімінің қоршаған ортаға залал келтіретінін, ауаны бүлдіретінін алға тартып, тірі кезінде жинап алуға келгендерін айтты.

Балықтың қырылуына Жайық суының тасуы себеп болған. Өзен суы көтерілгенде, құрғап жатқан жайылмаға су келген. Уылдырық шашпақ болған балықтар су қайтқан кезде бөлініп қалып қойған. Ал құтқарылған 14 жарым тонна балық Жайыққа жіберілді, дейді мамандар. Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасы болған жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Кешегі 3 мамыр күнгі жағдай бойынша су айдынының кіретін жыра ауызына уақытша бөгет қойылды. Қазіргі уақытта ішіне кіріп кеткен балықтарды тазалау жұмыстары жүргізілуде», — дейді балық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әсел ИЩАНОВА. 

Мамандар қалған тірі балықтар тез арада жиналып, өзенге жіберіледі деп отыр.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button