АТЫРАУДА

Атырауда 37 мектеп, 3,5 млн шаршы метр үй, 250 орындық спорт мектеп-интернаты салынбақ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Атырау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде жеті нақты міндет қойды.

Соның ішінде, мұнай-газ өнеркәсібін дамыту, автокөлік инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік қорғау шаралары және халықты жұмыспен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесін нығайту, облысты энергиямен тұрақты қамтамасыз ету, өңірді сумен тұрақты қамту және өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту.

– Әлеуметтік сала – мемлекеттің басым тұсы, – дейді Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев. – 2025 жылға дейінгі Өңірді дамытудың кешенді жоспарына сәйкес 23 мың оқушыға арналған 37 жаңа мектеп салынады, оның ішінде қалаға 24 мектеп салу жоспарлануда. Бұл үш ауысымды мектептердің, тиісінше жалпы білім беретін мекемелердегі орын тапшылығы мәселесін күн тәртібінен алып тастауға мүмкіндік береді.

3,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл 25 мың атыраулық отбасын жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етуге негіз болады. Сонымен қатар, жатақханасы бар 250 орындық спорт мектеп интернатын салу жоспарда бар.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы халыққа медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін бірқатар нысандар салу мәселесін шешуді тапсырды. Бұл көпбейінді аурухана, емханалар, психикалық денсаулық орталығы, Атырау қаласындағы онкологиялық диспансер жанындағы радиологиялық корпус және ауылдық округтерде 9 алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмек көрсету орталықтарын, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын салу көзделген.

Президент кешенді жоспар өнеркәсіпті, агроөнеркәсіптік кешені және туристік саланы дамытуды ынталандыратынын, сондай-ақ энергетика, экология сияқты өзекті салаларда жинақталған мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы ҚР Үкіметіне Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын бір ай ішінде пысықтап, бекітуді тапсырды.

Бекітілген жоспарды іске асыру біздің өңіріміздің барлық маңызды салаларын дамытуда айтарлықтай серпін береді және тұрғындардың әл-ауқаты деңгейіне оң әсер етеді.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button