АТЫРАУДА

ІНДЕТТІҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫ КЕЛСЕ, ТАҒЫ ДА ВОЛОНТЕРЛАР КӨМЕГІНЕ МҰҚТАЖДЫҚ ТУА МА?

Пандемия кезі халық үшін де, билік үшін де сыналар сәт болғаны анық. Ел басына күн туғанда адамдықтың туын биік ұстағандар деп волонтерларды, оның ішінде нағыз оттың өтінде жүрген емханада қызмет еткен волонтерларды айтар едік.

Алғашында олар өңірімізге танымал медициналық волонтер Арман Қасымовтың шақыртуымен провизорлық стационарға күніне бірнеше сағат болса да пайдамыз тисін деп барады. Кейін күн сайын көбейіп жатырған науқастар мен балон тасып қиналған медбикелерді көргенде жағдайдың олар ойлағаннан да қиын екендігін ұғып, тәулік бойы көмек көрсетуге бел буады. Сөйтіп, үйден қатынаймыз деп ойлаған еріктілер, өздері қаншалықты тәуекелге барып тұрғандығын сезіне келе емхана ауласындағы палаткаға қонатын болады. Сол жерде жүрген волонтерлардың бірі Мейрамгүл Есниязова әлеуметтік желіге пост жариялағаннан кейін барып демеушілер тарапынан тұрақты тамақпен және жатын жермен қамтамасыз етіледі.

«Біз басында 2 жігіт, 2 қыз барлығы 4 адам кезекпен көмектесіп жүрдік. Ішкі жұмыс пен сыртқы жұмыс екеуі екі бөлек. Көбі сыртқы жұмысқа келіп, ішке кірген жоқ. Біздерге бірнеше сағатқа немесе демалыс күндері ғана келе алатындардан гөрі тұрақты түрде жанымыздан табылатындар керек еді», – депті Мира ханым бір жазбасында.

Бірақ еріктілер мен медиктерге тамақ апару, оттегі  концентраттарын алу тұрғысынан Атыраулықтар да ел қатарлы ұйымшылдық танытты. Осылайша пандемияның асқынған сәті де артта қалды.

Волонтерлардың көмегі керек болғанның басты себебі науқастардың саны тым көбейіп, олар үшін арнайы жасақталған орындардың аз боп қалуында еді. Нәтижесінде коронавируспен ауыратындарды қабылдауға дайын болмаған провизорлық стационар іске қосылды. Сол жерде оттегі концентраттары жеткілікті болмай тұрған кезде оттегі баллонын тасуға тәуелділік болды. Ал қазір ше?

«Екінші толқын болған жағдайда бұрынғыдай волонтерларға мұқтаждық болмайды. Провизорлық стационарда науқастарға барлық жағдай жасалуда», – деп жауап берді бұл тақырыптағы сұрағымызға Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Р.S. Қиын сәтте дәрігерлерге қол ұшын созғандардың ісі көпке үлгі болғандықтан енді еріктілер жетіспейтін күн тумас. Мүмкін екінші толқын да орын алмайтын шығар. Біздікі тас-түйін дайын отыру ғана.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button