АТЫРАУДА

«Пернесінде сөйлейді Ұлы дала» атты көрме ашылды

ҚР Ұлттық музейінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ғасыр саңлағы, күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы мен Ұлттық домбыра күні аясында «Пернесінде сөйлейді Ұлы дала» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Аталмыш шара күйшілік мектеп мықты дамыған қазақ жерінің батыс аймағында дүниеге келген ұлт мақтаныштары ғасыр саңлағы, күйші Дина Нұрпейісованың, Қазақстанның халық жазушысы Х. Ерғалиевтің, Қазақстанның халық әртістері Р. Ғабдиевтің және Қ. Ахмедияровтың биылғы мерейтойларымен ұштастырылып отыр.

Көрменің мақсаты Ұлттық домбыра күні аясында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорында жинақталған домбыралар коллекциясы мен өнер иелерінің жеке тұтынған бұйымдары және өлкенің мәдени жетістіктерін дәлелдейтін ғасырлар бойы әр қазақтың төрінен орын алған қастерлі қара домбыраның мәртебесін жаңғырту.

Өздеріңіз білетіндей, 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы жарлығымен Ұлттық домбыра күні жарияланған болатын. Біздің қазіргі мақсатымыз әлемге танылған керемет дәстүрлерімізбен бүгінгі домбыра күнін одан әрі жалғастыру. Неге десеңіздер, кейде өзіміздің руханилығымызға, негізгі бағытымызға арналған дүниелер қалып кететін де жағдайлар бар. Сол себепті Ұлттық музейімізде күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы мен музыкалық аспабымыздың мерекесіне орай ауқымды шара ұйымдастырып отырмыз, – деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Бүгінгі Домбыра күнімен барша отандастарымызды құттықтаймын. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақындарымызға шабыт берген. Домбыра әр қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазынамыз болуы тиіс, – деді ол.

Оның айтуынша, ұлтымыздың болмысына куә болған асыл мұра, қазаққа аты танымал өнер иелерінің қолданған домбыраларының Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінде сақталуы атыраулықтар үшін үлкен мақтаныш.

Қазіргі кезде музей қорында жинақталған 88 домбыра бар. Атап айтқанда, халық әртісі Қаршыға Ахмедияровтың Елбасына сыйға берген домбырасы, 1836-1838 жылдардағы Ұлт азаттық көтерілісінің жалынды жыршысы ақын Махамбет Өтемісұлының, ғасыр саңлағы Дина Нұрпейісованың, әнші сазгер Жүсіпбек Елебековтің және тағы басқа өнер қайраткерлерінің домбыралары біздің көрмеде сақтаулы тұр, – деді Нариман Таушов.

Оның сөзінше, жанымызға сіңген аспап қандай қиын-қыстау кезең болмасын, ұлттың рухын көтерген. 

Біздің өткен өміріміз, келешегіміз осы қос ішекті домбырамен біте қайнасып жатыр. Гиннестің рекордтар кітабына еніп, даланың құнын, бабаның үнін жеткізе білген ұлттық жәдігерімізді қалай насихаттасақ та артық етпейді. Қазіргі уақытта індетті жеңуге де киелі домбыраның қоңыр үні әрбір қазақтың рухын көтеретініне сенімім мол, – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button