АТЫРАУДАСАРАПТАМА

Ринат Ибрагимов: «Атырау» футбол клубына бастапқы жеңіс керек

«Жетісу» командасымен кездесу қарсаңында біз Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимовты сөзге тартқан едік.

Премьер-лигаға оралған атыраулық команда турнир кестесінің соңында қайдан жүр? Әңгіме барысы бірден осы мәселені талқылаудан басталды.

– Біз команда басшылығымен тығыз байланыста болғандықтан, ұжым тығырықтан шығар жол табу үшін бар күшін салып жатқанын көріп жүрміз, – деді ол бізбен әңгімесінде. – Бірақ, спорттың аты спорт. Бәлкім, психологиялық тұрғыда толық сенімді болу үшін командаға алғашқы жеңіс ауадай қажет болып тұрған шығар.

Қалай десек те, елдегі футболдың беделін нығайтуда Атыраудың алар орны алабөтен. Аймақ басшылығы да клубтың әлеуметтік маңызын жақсы түсінеді. Ел біріншілігіндегі күміс пен қола медальдар есебіндегі жоғары жетістіктерді де жанкүйерлер жағы ұмытқан жоқ. Әрине, өткеннің өнегесі мен дәстүрлі дағдысын естен шығармаған дұрыс, сонымен бірге, қолда бар ресурстарды да сауатты бөліп отыруымыз қажет.

Спорттық клубтарды қаржыландыру көзін қысқарту «Атырауды» да айналып өтпеді. Кез келген футбол жобасының ұзақ мерзімге созылуы ондағы өсіп келе жатқан жаңа толқынға тікелей байланысты. Осыны ескеріп, Атырау футбол академиясын дамытуды жолға қойған жөн деп шештік. Сөйтіп, жергілікті тәрбиеленушілер қатарындағы болашақ «жасыл алаң» жүйріктерін қаржыландыруды көбейттік. Осылайша, шәкірттер қатары қазір екі есе артты. Көп күттірмей бұл да өз жемісін бермей қоймас.

Айтпақшы, мүмкіндігінше өңірдегі балалар-жасөспірімдер футболының инфрақұрылымын жаңғыртатын боламыз. Бұл бағытта дарынды балалар жетіп артылатын аудан орталықтары мен алыс ауылдарды қамту өте маңызды.

Сөз жоқ, пандемия «Атыраудың» өміріне де өз өрнектерін салды. Жанкүйерлермен тікелей байланыстың болмауы клубтың жалпы жағдайына әсер етеді. Әйтсе де, кезекті турнирде ойыншылар табанды мінез танытып, қарсыласқа қарсы ойында жақсы нәтиже көрсетеді деген сенімдеміз. 

Арам Восканян әзірге облыс басшылығының сенімін жоғалтқан жоқ. Ендеше, ол әлі де жағдайды жақсы жаққа өзгертеді деп үміттенеміз. Қалай болғанда да, Восконян біздің футболмен жақсы таныс. Ол «Есиль-Богатырь» сапында бес жыл өнер көрсеті, кейін өз отанында жаттықтырушы болды.

Біз жергілікті ойыншыларға көбірек күш артамыз. Командада атыраулық клуб тәрбиеленушілері басым. Оның үстіне, оларға тәжірибелі легионерлер көмектесіп жатыр. Олардың мол мүмкіндігі мен зор болашағы бірден байқалып келеді, тек тұрақты нәтиже көру үшін әлі де уақыт керек.

Атыраулық жанкүйерлердің рухани қолдауы арқасында жағдай түзеледі деп ойлаймыз. Ең мықтылардың ортасына оралған соң бірден жеңіске жете қою оңай емес. Бастысы – бәсекеге қабілетті ұжым қалыптастыра білу. Ал, соның ішінде жергілікті ойыншылар неғұрлым көп болса, жанкүйерлердің қолдауы да артады.

Сайып келгенде, біздің стратегиялық міндетіміз – Қазақстанның ұлттық құрамасына «жүзден жүйріктерді» қосу. Алға қарай да осы талаптың үдесінен шығып, ұлы мақсатқа ұмтылатын боламыз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button