№2 қалалық сот облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолланы қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы қаулы шығарды, деп хабарлайды «Depti.kz» тілшісі.
Бұл ретте оған ҚР ҚК 65-бабы “шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату”шеңберінде айыппұл тағайындалды.
Бұл туралы №2 қалалық соттың баспасөз хабарламасында айтылды:
“15 Сәуірде сот ҚР ҚК 361-бабының 1-бөлігі бойынша Серік Қамидоллаға қатысты қылмыстық істі қарады. Тергеу барысында ол айыптаумен толық келісті, сондықтан сот процесі жеңілдетілген режимде өтті. Сотталушы ҚР ҚК 65-бабын қолдана отырып, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Оның алғаш рет ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағанын ескере отырып, сонымен қатар, үш кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде мүгедек баласы бар ,жалғыз асыраушысы болып табылатынғы және ісініе шын өкінуіне байланысты сот оны ҚР ҚК-нің 65-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босатуға болады деп санады. Бұл ретте өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1000 АЕК (2 млн.917 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Естеріңізге сала кетейік, 25 наурызда Серік Қамидолла парақорлық пен алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды, бірақ содан кейін іс ҚР ҚК 361-бабы (“лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану”) бойынша қайта сараланды.