Теңіз кен орнында күкірт өңдеу зауыты іске қосылды

zavod proizvodstvo sery 2 750x375 1
Бізді әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Атырау облысының Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында түйіршіктелген күкірт өндіретін зауыт жұмыс істей бастады. Бұл туралы «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

Таратылған баспасөз хабарламасында жаңа зауыт объектілерде өндірілетін барлық сұйық күкіртті қайта өңдеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні айтылған. ТШО мәлімдегендей, бұл өз кезегінде экологиялық қауіпсіздікті арттырып, өндірістік тәуекелдерді азайтады. Сондай-ақ, ай сайынғы өндірістік қуаты 40 мың тонна күкіртті құрайтын жаңа зауыт басқа қондырғылар жұмыс істемей тұрған кезде өндірістің қажетті деңгейін сақтауға мүмкіндік береді.

«ТШО күкіртін басқару жоспары аясында, сондай-ақ жергілікті компаниялардың мүмкіндіктерін дамыту мақсатында біздің команда күкіртті қайта өңдеу қуатын кеңейткен жобаны іске асырды», — деп атап өтті «Теңізшевройл» ЖШС Бас директоры Кевин Лион.

Оның айтуынша, жергілікті компанияларды дамыту ТШО-ның стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады. Бұл ретте, жобаны қазақстандық компания іске асырып жатқандығы және жаңа нысанда еңбек ететін барлық мамандар — жергілікті кадрлар екені атап өтілді. Жаңа зауыт жергілікті тұрғындар үшін 60-тан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берген. Сондай-ақ, пандемияға қарамастан, ТШО «Caspian Group Construction» ЖШС-мен бірлесіп, екі жылдан аз уақыт ішінде монтаждау және іске қосу-жөндеу жұмыстарын сәтті аяқтапты.

Түйіршіктелген күкірт өндіру жөніндегі зауыттың басшысы Ғалиасқар Итишев мәлімдегендей, зауыт портативтілігімен және жеңіл құрастырылуымен ерекшеленетін GXM3 қондырғысымен жабдықталған. Өндіруші бүкіл әлем бойынша ең озық қолжетімді технологиялар мен ресурстарды қолданып, оларды Қазақстанға жеткізген.

«Теңізшевройл» баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Қазақстан нарығынан басқа, ТШО түйіршіктелген күкіртті Африка, Еуропа, Қытай және басқа елдердің нарықтарына экспорттайды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған