2020 жылдың 18-22 тамызы аралығында ақылы негізде оқуға түсу үшін ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш білдірген 1135 талапкерге тестілеу басталды. Тестілеу Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткізілуде. Сынақ күнінің барлығы «Атырау адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің бақылауында болды.
Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен 2019 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеудің 4 кезеңі бекітіліп, төртіншісі – тамыз айында өткізілетіні белгілі. Ұлттық бірыңғай тестілеу ережесі 4 кезеңде де бірдей. Бір айта кетерлігі, білім гранттарын үлестіру тек маусым айындағы ҰБТ қорытындысымен есептеледі. Қалған кезеңдер тек ақылы негізде оқуға түсуге мүмкіндік береді.
18-19 тамыз аралығында өткізілген тестілеуге 677 талапкер қатысуы керек болатын. Тестілеуге 130 талапкер келмеуіне байланысты, тестілеуге барлығы 547 талапкер қатысты. Тестілеу барысында 6 талапкер тестілеу ережесін бұзып, рұқсат етілмеген техникалық құралдар пайдалануына байланысты, аудиториядан шығарылып, тестілеуден шеттетілді.
20 тамыз 232 талапкер қатысуы керек болса, оның 38 келмеуіне байланысты 184 талапкер тестілеуден өтіп шықты. Тестілеу барысында ережеге сәйкес құқық бұзушы түлектер анықталмаса да, кезекшілік атқаратын ұстаздар арнайы нұсқаулықтан өтсе де, аудиторияға ұялы телефонмен кіріп, тестілеу талаптарын бұзу фактілері анықталды.
Ең өрескелі, тестілеудің екінші күнінде сынақ кітапшадағы сұрақтарды ұялы телефонның бейнекамерасына түсіріп, талапкерге көмектескені үшін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Дене шынықтыру және әскери дайындық кафедрасының аға оқытушысы кезекшіліктен босатылды. Сонымен қоса, тестілеудің талаптарын бұзғаны үшін оқытушы университет басшылығынан қатаң сөгіс алып, өз еркімен жұмыстан кететін болды.