АТЫРАУДА

Жемқорлық жайлы хабарлаған атыраулықтарға – 2,5 миллион теңге

2020 жылдың ақпан айынан бері сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған атыраулықтарға 1 миллион 800 000 теңгеден астам қаражат төленген.

Ал, биылғы жылдың басынан бері 4 адам 700 000 теңгеден астам сыйақы алыпты. Олар берген ақпарат бойынша 15 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт айтты.

«2020 жылғы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы расталған хабарламалар үшін жалпы сомасы 1 871 260 теңгеге 11 тұлға ынталандырылды. 2021 жылдың 3 айында 40 азаматқа 6,4 млн теңге төленді.Оның ішінде Атырау облысында 4 адам жалпы сомасы 704 230 теңгеге ақшалай сыйақымен марапатталды», — деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары.

Естеріңізге салайық, азаматтарды ынталандырудың жаңа сараланған жүйесі 2020 жылдың 4 ақпанынан бастап енгізілді. Бұрын бұл қылмыстың санатына байланысты жүзеге асырылған. Қазір параның мөлшеріне байланысты. Парақордың тәбеті неғұрлым жоғары болса, хабар берушінің де сыйақысы соғұрлым үлкен болады.

«Бұл жердегі сыйақы мөлшерінің ең үлкен көлемі 4000 айлық есептік көрсеткіштен аспау керек. Ол шамамен 11 млн теңгені құрайды. Егер аса ауыр қылмыс туралы хабарлайтын болса, осындай мөлшердегі сыйақыны алу мүкіншілігі бар. Ең аз сыйақының мөлшері қазіргі таңда, шамамен, 40 айлық есептік көрсеткішті құрайды», — деп атап өтті Айдос Мамыт.

Сыбайлас жемқорлық қылмысына тап болған жағдайда 1424 нөміріне хабарласуға болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button