АТЫРАУДА

Биыл Қызылқоғаны су баса ма?

Қызылқоғада Ойыл өзенінің қазіргі экологиялық ахуалы талқыланған жиын өтті. Онда «Ералы» су қоймасына жиналған су қорының деңгейі туралы айтылып , су бөлу мәселесі қаралды.

Мамандардың сөзінше, биыл Ойылға 4 млн.текше метр су келеді деп жоспарланып отыр. Ал, жауын-шашын көп түскенімен, жер астындағы су қоры көбеймепті.

Қызылқоғалықтар арнайы 3 топ болып, Ойылдың бойын жағалап, жағдайды саралап қайтыпты. Айтуларынша, өзен бойынан суды жібермей тұрған бірнеше көпір, тоғандар анықталған.

«Бас аяғы 2 күннің ішінде біздер 33 көпір, 3 тоған, 2 су тіреп тұрған көпірді анықтадық. Бұндағы айтпағымыз, Ойыл өзеніне құятын бүкіл салалар, өзендер, өзеншелер, жыралар бойы 3-4 жерден бөгеліп жатыр», — дейді Қызылқоға ауданының тұрғыны Есенбай Нұров.

Ойыл өзені «Ералы» су қоймасы арқылы 3 тарапқа бөлінеді. Бір тарабы негізгі арнамен жолындағы елді мекендерді суарса, қалғандары қолдан қазылған канал арқылы шабындықтар мен жайылымдарға шығады. Аудандағы су тапшылығы мәселесін шешу үшін облыс әкімінің қолдауымен Қарасу су қорынан қосымша 5 ұңғыма қазылып, қазіргі таңда оларды іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button