COVID-19Қазақстанда

COVID-19: Министр күзге қарай жағдай қалай өзгеретінін айтты

Қазақстанда коронавирусқа қарсы жаппай вакциналау басталды. Әзірге қарқыны жаман емес…

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында адамдарды жаппай иммундау қалай өтіп жатқаны, халыққа қандай вакциналар қолжетімді болатыны, қолданылатын иммундық препараттардың қаншалықты қауіпсіз екендігі туралы баяндады.

– Алексей Владимирович, жаһандық статистикаға сүйенсек, коронавирус індеті елде де, әлемде де алаңдатарлық болып тұр. Жаппай вакцинация бұл жағдайды қаншалықты тез өзгерте алады?

– Алдағы күндері, тіпті бір айда жағдайдың өзгеретінін күтудің қажеті жоқ. Азаматтардың негізгі бөлігі 2-3 ай ішінде вакциналанғаннан кейін біз эпидемиологиялық жағдайдың саябыр тапқанын сезетін боламыз. Вакцинация, әрине, өз әсерін береді, бірақ бұл ұжымдық иммунитет пайда болған кезде, шамамен күзге жақын болады. Аурудың бетін қайтарғымыз келсе, баршасына мәлім қарапайым ережелерді сақтау керектігін айтқым келеді. Бірақ, өкінішке қарай, оны бәрі бірдей орындай бермейді. Маска тағу, адам көп жиналатын жерлерден аулақ болу, жаппай іс-шараларға қатысудан бас тарту және т.б. талаптар орындалмай жатыр.

Біз толық локдаунға, қалаларды жабу сияқты жағымсыз шараларға қайта жүгінгіміз келмейді. Радикалды шаралар әрдайым тиімді және оларға оралу арқылы біз жағдайды тезірек өзгертеміз. Бірақ бизнестің және жалпы экономиканың мүдделерін ескере отырып, айтарлықтай зардап шеккен, инфекцияның берілу тізбегін ішінара бұзуға мүмкіндік беретін балансты тапқандаймыз. Алайда, оның әсері толық локдауннан гөрі баяу сезілуде.

– Коронавирус вакцинациясы жарияланған алғашқы айда қазақстандықтар арасында сенімсіздік өте жоғары болды. Қазір не болып жатыр, адамдар дәрігерлер мен эпидемиологтардың ұсыныстарын орындауға дайын ба?

– Иә, шын мәнінде, вакцинацияның бастапқы кезеңінде халықтың сенбегені қатты сезілді. Мұның себептері бар. Зерттелмеген инфекция, оның үстіне жаңа вакцина өте тез жасалды. Бастапқы кезеңде барлық медицина қызметкерлері дайын болмады. Бірақ біртіндеп сарапшыларды, вакцинаны жасаушыларды тарттық. Әлем бойынша миллиондаған адамның вакцина алғанын көрдік, сол арқылы асқынулар жоқ екеніне көз жеткіздік. Қазір біз 200 мыңнан астам адамға вакцина салдық. Айқын кері әсері жоқтығын, күтілген кішігірім аурысыну ғана барын барлығы көріп отыр. Қазір халықтың вакциналауға деген ықыласы бар, бұл біз үшін өте маңызды. Яғни, сенім пайда болды.

– Алайда, әлеуметтік желіге қарасақ, кейбір қазақстандықтар вакцинаның қауіпсіздігіне әлі де күмәнмен қарап отыр. Олардың ойын қалай өзгерту жоспарланған?

– COVID-19-ға қарсы вакцинация кезінде арнайы әлсіретілген, ауырсыну тудырмайтын, сөйте отырып иммундық реакцияны қауіпсіз қалыптастыратын вирус фрагменттері қолданылады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаппай қолдануға мақұлдаған вакциналар қатаң тексеруден және клиникалық сынақтардан өтті. Бұл олардың қауіпсіздігі мен ауруға қарсы күресте тиімділігін дәлелдеді.

Мен вакцинация вирустың таралуын тежеудің жалғыз жолы екенін үнемі айтып келе жатырмын. Әрине, вакцинация туралы шешім қабылдаған кезде бірқатар қарсы көрсеткіштерді ескеру қажет: 18 жасқа толмау, жүктілік немесе созылмалы аурулардың өршуі, аллергиялық реакциялар, дене қызуының жоғарылауы сияқты белгілер бас тартуға себеп бола алады. Егер азамат сау болса және қарсы көрсетілімдер байқалмаса, вакцина алғаны дұрыс. Өйткені бұл шара бізге әдеттегі өмір салтына тезірек оралуға көмектеседі. 9 сәуірде әлемде COVID-19 вирусын жұқтырудың 134 517 529 жағдайы тіркелді.

Соңғы тәулікте жұқтырғандар саны 292 210 адамға өсті. Бұл індеттің ауыртпалығын, қатарымызды сирететінін және вакцина бізге не беретінін түсінуіміз керек. Біз екінші жыл шектеулер жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Адамдар аттап басқан сайын инфекциядан сақтанудан шаршады. Бірақ, тағы да қайталаймын, бұрынғы өмірге оралудың жалғыз шарты –бұл вакцинация арқылы иммунитет қалыптастыру. Тек вакцина ғана бізге қозғалыс еркіндігін қалпына келтіруге және кең тыныстауға мүмкіндік береді.

– Бөгде адамдармен байланысқа түспей, вакцинация кезегіне қалай жазылуға болады?

– Коронавирусқа қарсы профилактикалық егулер жүргізетін медициналық ұйымдардың тізімдері Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында және әлеуметтік аккаунттарында жарияланған. Вакцина алу үшін, бірінші кезекте, тіркелген жері бойынша емханаға жүгіну қажет. Вакцинация басқа медициналық ұйымдарда да тіркеусіз, кезек тәртібімен жүргізілуі мүмкін. Бірақ бұл жағдайда сіз алдын ала жазылуыңыз керек. Бұл адамдар көп жиналмауы үшін жасалады.

Сондай-ақ, азаматтарға ыңғайлы болу үшін 8 сәуірден бастап «Электронды үкімет» порталында «вакцинацияға жазылу» аталатын жаңа қызмет пайда болды. Сіз сол палтформа арқылы онлайн режимде жазыла аласыз. Ол үшін азамат eGov.kz порталына тіркеліп, өтініш беруі керек. Тіркеу аймағы бойынша медициналық ұйымды көрсетуіңіз қажет. Өтініш қаралғаннан кейін медициналық ұйым вакциналау уақытын көрсете отырып, өтінімдерді бөледі. «Электронды үкімет» порталындағы азаматтың жеке кабинетінде медициналық ұйымға бару күні мен уақыты көрсетілген жауап пайда болады. Бұған қос өтініш берушінің байланыс нөміріне қосымша SMS-жіберіледі.

– Вакцина алғысы келетіндердің саны артып жатыр. Барлығына жете ме? Әлде бірінші кезекте басым топтағылар егіле ме?

– Бастапқыда тәуекел тобына кіретіндерді вакциналау міндеті қойылған болатын. Медициналық қызметкерлер, педагогтар, полицейлер сияқты адамдар шоғырымен жұмыс істейтін маман иелері осы топқа жатқызылған. Ал қазір вакцинация қарқын алып, аясы кеңейе түсті. Сондықтан жаппай вакциналау туралы шешім қабылданды. 1 сәуірден бастап вакциналауға жататын адамдардың санаттары кеңейтілді. Кестелерді жергілікті атқарушы органдар жасайды. Бүгінгі таңда 275 мың азамат вакцина алды. Сәуір айында 2 млн доза вакцина жеткізіледі деп отырмыз. Алғашқы партиялар өңірлерге таратылуда. Өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді ескере отырып, бірінші жартыжылдықта вакциналардың 6 милионнан астам дозасын жеткізу жоспарланып отыр. Бұл тиісті контингенттің 64% қамтуға мүмкіндік береді.

– Медициналық мекемелер мен дәрігерлер сіздер жоспарлап отырған қарқынға дайын ба?

– Вакцинация науқанына вакцинаны сақтауға және процесті ұйымдастыруға қажет жабдықтармен толық жабдықталған медициналық мекемелермен қатар жылжымалы егу пунктері де тартылатын болады. Бүгінгі таңда елімізде 700 егу пункті ашылды. Олар ұйымдасқан ұжымдарда және адамдар көп жиналатын орындарда орналастырылады. Оларды ұйымдастыру және вакцинаны сақтауға арналған тоңазытқыш жабдықтармен, термоконтейнерлермен жабдықтау міндеті облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларының әкімдіктеріне жүктелген.

– Көптеген адам вакцинаны ақылы негізде алуға бола ма деп сұрап жатыр.

– Қазіргі уақытта коронавирус вакцинасының коммерциялық партияларын әкелу жолға қойылған жоқ. Бірақ болашақта ақылы вакцина алғысы келетіндерге осындай мүмкіндік жасалуы ықтимал. Ол бойынша келіссөздер жүргізілуде. Әзірге халық үшін коронавирусқа қарсы жаппай вакцинация тегін және ерікті негізде қалып отыр.

– Кейде әлеуметтік желілерде және кейбір БАҚ-та вакцина алғандардың денсаулығы нашарлағаны туралы «фактілер» шығып жатады. Ондай ақпараттарға қатысты не айтар едіңіз?

– Ресми деректер бойынша, егілгендердің 0,8% катаралды синдром, дене температурасының жоғарылауы, ине салған жердің ауырсынуы сияқты күтілген реакциялар тіркелген. Бірақ келесі күні-ақ оның ізі қалмайды. Вакцинамен байланысты басқа реакциялар расталған жоқ. Әлеуметтік желілерде дау тудыратын ақпарат, фейк өріп жүр. Мұның бәрін кім тарататыны және қандай мақсатпен істейтіні белгісіз. Мен бұл туралы бірнеше рет айттым және қайталай алам: ақпараттық арандатуға сенбеңіздер. Ресми тексерілген мәліметтер бар, тек соларға сену керек.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button