Қазақстанда

БАСПАНА КЕЗЕГІНДЕ ТҰРҒАНДАРҒА АРЕНДАЛЫҚ СУБСИДИЯ БЕРІЛЕДІ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстанда баспана кезегінде тұрғандардың арендалық төлемі үшін субсидия қалай берілетінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында белгіленген тапсырмаларды орындау үшін арендалық төлемді субсидиялау механизмдерін әзірлеу бойынша ұсыныстар дайындалады. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрғын үй қорының 30 пайызы – арендалық үйлер. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,7 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақытта кезекте тұрған азаматтардың саны – 530 мың. Бұл ретте, тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау көзделген. Жұмыс көлемін мемлекеттік органдармен қарастырып жатырмыз. Бұл, шамамен 70-80 пайыз… Сонымен қатар атаулы көмекті «Отбасы банк» айқындайтын болады. Олар Қазақстанда тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтардың реестрін түзеді», – деді Бейбіт Атамқұлов Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында.

Бұл ретте, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі нақты параметрлерді айқындамақ.

«Азаматта күнкөріс минимумына тең кірісі болуы керек. Бүгінгі таңда ол сома – 32 668 теңгені құрайды. Жалға беру уақыты – 5 жыл. Пәтерге мұқтаж азаматтың мәртебесі айқындалуы тиіс. Одан бөлек, орташа аумақ 60 шаршы метрді құрайды. Яғни берілетін пәтердің көлемі 40-80 шаршы метр аралығында болады. Әр өңірдегі пәтерді жалға беру сомасы анықталады. Қазіргі уақытта бұл механизм мемлекеттік органдардың бәрімен талқылануда. 2020 жылдың соңына қарай механизмнің барлық параметрі «Нұрлы жер» бағдарламасымен айқындалады. Біз Үкімет қаулысы арқылы оны қабылдаймыз. Бірақ, әлбетте, бұл мәселе мемлекеттік органдармен ғана емес, қоғам өкілдерімен де кеңінен талқыланады», – деді министр.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button