Қазақстанда

Анасы сәбиінің денесінен балабақша тәрбиешісінің ұрғанын байқаған

Алматы облысының Қапшағай қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші сәбиді ұйықтату үшін оған қол жұмсаған.

Баланың денесіндегі көгерген тұстарды анасы байқап қалған, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Анасының шағымы Instagram-дағы Doska_kapchagay парақшасында жарияланды. Видео және фотолардан кішкентай қыздың қолындағы жарақатын, құлақ-шекесінің көгергенін және құлағының жараланғанын анық көруге болады.

«Babycity» балабақшасынан баламды алып қайтқанымда, дене жарақаттарын байқадым. Құлағынан сүйреген секілді. Артынша балабақша басшылығына шағымданғанымда олар өз әрекеттерін жасырып қалуға тырысты. Дәл сол күні бейнебақылау камералары да істемей қалған. Мен істі соңына дейін жеткізгім келеді», — дейді зәбір көрген сәбидің анасы.

Сондай-ақ, атын жасырған ананың жазбасында аталған балабақшаға екі баласын беретіні жазылған. Ұлы 3 жаста, қызы 1 жас 10 айлық екен. Балабақша қызметкерінен сол екіге толмаған қызы таяқ жеген.

Ертеңінде қызметкерден сұрадым. Ол ашуға берілгенін мойындады. Төсекке жатқызу үшін күш қолданғанын, ұрғанын айтты, — деп жазған ашынған ана парақшасында.

Желі қолданушылары балабақшаның бұл әрекетін сынап жазуда. Пікірлер арасында қалалық білім басқармасының да жауабы бар.

Жекеменшік балабақшадағы жағдайға байланысты өтініш берушіге сот-медициналық сараптамадан өтуге жолдама берілді. Барлық жиналған материалдар қалалық соттың қарауына жіберілді, — деп жауап жазды қалалық білім басқармасындағылар.

Ал облыстық полиция департаменті тергеу толық аяқталғанннан кейін ғана қандай да бір шара қолданылатынын айтады.

«Қапшағай қалалық полиция бөліміне 28 жасар әйел кішкентай қызының дене жарақаттарына және оған әлімжеттік көрсетілгеніне байланысты арыз жазды. Көрсетілген дерек бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, тиісті тексеру жүргізіледі, оның қорытындысы бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады», — деді облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button