Қазақстанда

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы басталды!

Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасаған «Спутник Қазақстан» хабарлады.

Бүгін министр Аида Балаева байқауды өткізуге қатысты комитет отырысын өткізді. Жиында министр байқаудың адамгершілік құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мәртебесін арттыруда маңызды рөл атқаратынын айтты.

«Жылдағы дәстүрмен биыл да «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын бастағалы отырмыз. Елбасының ұсынысымен қолға алынған жоба бүгінде нағыз халық мерекесіне айналды. Жыл сайын жобаға халықтың үлкен қызығушылықпен қатысып жүргенін көріп отырмыз. Жоба басталғаннан бері бүгінге дейін еліміздің 15 мыңнан астам жанұясы байқауға қатысты», – деді Балаева.

Айтуынша, биыл байқауды өткізу форматына өзгеріс енгізілді. Бұрын республикалық деңгейде бір ғана отбасы жеңімпаз болса, биыл өңірлік деңгейде жеңімпаз атанған 17 отбасының барлығына конкурс лауреаты атағы беріледі. Барлық жеңімпаз бірдей марапатталады.

Сондай-ақ биылдан бастап жеңімпаздарды анықтайтын комиссия құрамына азаматтық қоғам өкілдері, конкурстың бұрынғы жеңімпаздары да кіреді.

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына құжаттар қабылдау 15 маусымға дейін жалғасады.

Байқау лауреаттарын марапаттау рәсімі қыркүйекте, отбасы күні қарсаңында салтанатты түрде өтеді.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button