Түркияда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты Қазақстан бұл елмен әуе рейстерін қысқартуы мүмкін.
Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
“Түркияда эпидемиологиялық ахуал қазір күрделі болып тұр. Егер аурудың таралуын қарасақ, ол жақта күн сайын 50 мыңнан астам науқас тіркелуде. Яғни біздегі тәуліктік көрсеткіштермен салыстырсақ, бес жарым есе көп. Сол себепті бүгін ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында Түркиямен әуе рейстерін қысқарту туралы ұсыныс айтылды. Қазір бұл ұсыныс қаралып жатыр”, – деді ол брифингте.
Бұған дейін Ресей індетке байланысты Түркиямен әуе қатынасын шектейтіні туралы хабарланды. Бұл жерде чартерлік және тұрақты рейстер туралы сөз болып отыр. Шектеу шаралары 15 сәуірден 1 маусымға дейін күшінде болмақ. Ресей үкіметі туроператорларға Түркияға жолдамаларды сатуды уақытша тоқтатуға кеңес берді.