Ішкі істер министрлігі ата-аналарды аса сақ болып, балалардың жүріс-тұрысына мән беруге үндеді.
Себебі бүгінде дәріханада сатылатын кейбір медициналық препараттарды есірткі ретінде пайдалану тыйылмай тұр.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, бүгінде дәріханаларда сан алуан препарат сатылады. Кейбір дәрінің құрамында есірткі заты бар, кейбіреуінде жоқ. Соған қарамастан, адамды есінен адастырады.
“Соның ішінде ең қауіптісі – “Трамадол” препараты. Бұл – синтетикалық опиодты анельгетик немесе синтетикалық героин. Дәл осы Трамадолдан нашақорлық басталады. Оған тәуелді болған адамды бірден анықтау қиын. Себебі нашақор тұмаумен ауырғандай болады. Бір нәрседен уланғандай болып көрінеді. Жасөспірім препаратты пайдаланса, ата-ана байқамай қалуы да мүмкін”, – деді Әмірханов министрліктің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте.
Бұдан бөлек, Тропикамид пен Цикломед сияқты көзге тамызатын дәрілер бар. Оны да есірткі заты ретінде пайдаланып жатады. Адам эйфорияға түседі.
“Бұрын осы препараттар тыйым салынған есірткі зат тізіміне кірмейтін. Сондықтан полиция тиісті шара қолдана алмады. Биыл маусым айында үкімет қаулысымен ол препараттарды күшті әсері бар зат тізіміне қосты. Осының арқасында құқық қорғау органдары сатылымын бақылауда ұстап, заңсыз айналымы үшін жауапқа тарта алады”, – деп атап көрсетті Әмірханов.
“Sputnik Қазақстан”