Нұрлыбек Қабдықапаров пандемиядан көз жұмған медицина қызметкерлерінің отбасына өтемақының қашан төленетінін айтты.
«Спикердің айтуынша, өтемақы Атырау облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті берген қорытындысынан соң төленеді» деп хабарлайды Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметі.
«Аймақта пандемиямен күресіп жүріп, коронавирус инфекциясын жұқтырып алған төрт медицина қызметкері көз жұмды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес, эпидемиологиялық тексерістер жасалады. Оның қорытындысы арнайы комиссияның қарауына беріледі. Комиссия құрамында облыс әкімінің орынбасары, тиісті басқарма басшылары, қоғамның белсенді өкілдері бар.
Жұмыста жүріп инфекция жұқтырып алған медицина қызметкеріне 2 миллион теңге өтемақы төленеді. Ал, жұмыс барысында жұқтырған індет салдарынан көз жұмған медицина қызметкерінің отбасына 10 миллион теңге өтемақы беріледі. Төленетін қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Және қаржы Атырау облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы төленеді. Әзірге, Атырауда марқұм болған медицина қызметкерлері отбасына өтемақы төлеу басталған жоқ. Себебі, эпидемиологиялық тексеріс жүруде» – деді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Соңғы дерекке сәйкес, Атырауда 243 медицина қызметкері коронавирус жұқтырды.