САРАПТАМА

ҚЫЗЫЛҚОҒА АУДАНЫНДА БІРҚАТАР ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАН КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Қызылқоға ауданына жұмыс сапарымен барды. Мұнда  аймақ басшысы   күрделі жөндеу жұмыстары жасалып жатқан Жасқайрат, Тасшағыл елді мекендеріндегі мəдениет үйлері мен Миялы ауылындағы спорт кешенін аралап, «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырлу барысымен танысты, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Облыс әкімі алдымен  Миялы ауылындағы «Қызылқоға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің»  күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Құрылыс жұмыстары осы жылдың маусым айында басталған ғимарат қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Қазіргі уақытта мұнда «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша, 36 адам жұмыс істеуде. Олардың 11-і жергілікті тұрғын болса, қалғаны мердігер мекеме жұмысшылары.


Мұнан соң өңір басшысы Жасқайрат ауылындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан «Шалқыма» мәдениет үйінің құрылысын аралап көрді. Мұндағы жөндеу жұмыстары осы жылдың маусым айында басталған. Қазіргі уақытта мәдениет үйіндегі құрылыс жұмыстарына 28 жергілікті тұрғын жұмылдырылған.   Бас мердігер мекеме – «Жалынды құрылыс» ЖШС жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлап отыр.  Одан әрі аймақ басшысы Қызылқоға ауданының  Тасшағыл ауылында салынып жатқан 300 орындық мәдениет үйінің құрылысын аралады.  Мұндағы құрылыс жұмыстарына да жергілікті ауыл тұрғындары тартылуда. Тасшағыл ауылдық округінің әкімі Гүлшара Ізімованың айтуынша, алдағы уақытта нысанның жөндеу жұмыстарына көрші ауылдардың да тұрғындары жұмылдырылмақ.Жұмыстың аяқталу мерзімі- 2021 жылдың қазан айы деп жоспарланған. Өз кезегінде Махамбет Досмұхамбетов «мәдениет үйі –  ауыл тұрғындарына, әсіресе, жастарға қажетті нысан.  Сондықтан, орындалған жұмыстардың сапасы қатаң тексерілуі қажет», – деді. Сонымен қатар, облыс әкімі әлеуметтік нысандардың  уақытында бітуін тапсырды. 

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button