АТЫРАУДА

АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІЛЕРІМЕН БІРГЕ ЖАЙЫҚ ЖАҒАЛАУЫН АРАЛАДЫ

Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов қоғам белсенділерімен сондай-ақ жауапты сала мамандарымен бірге Атырау қаласындағы Жайық өзені жағалауын абаттандыру жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Жағалауды абаттандыру жұмыстары Бейбарыс даңғылындағы көпірден Жастар саябағына дейін жүргізіліп, қаланың еуропа бөлігіндегі 7,86 гектар аумақты қамтымақ. Құрылыс-монтаждау жұмыстары жүретін аумақтың жалпы ұзындығы – 1861 метрді құрайды.

Қазіргі уақытта жағалаудың жаңа учаскесінде Атырау қаласының көркем символдары, «Шаңырақ» архитектуралық үлгіде жасақталған аумағы, балаларға арналған және денешынықтыру, жүгіру, демалыс алаңдары, орындықтар мен күркелер орналастырылған. Пирс пен жағажай аумағы да абаттандырылады деп күтілуде.
Жағалаудағы құрылыс-монтаждау мен абаттандыру жұмыстарына қатысты бірқатар сын айтқан облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов жұмыстың сапалы болуын ескертіп, кейбір олқылықтарды түзеуді тапсырды. Өйткені, атыраулықтар мен қала қонақтары серуендейтін ең көрікті орындардың бірі ешбір қолайсыздық тудырмауы тиіс.


Ал жағалауды арбасымен аралап шыққан қоғам белсендісі Гүлнәз Қосмұрзиева жағалаудағы жүгіруге арналған, велосипедпен жүруге және жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың көңілінен шыққанын айтады. Бірақ, мүмкіндігі шектеулі жандар мен балаларын арбамен серуендететін аналарға да қолайлы болу үшін бірнеше ұсыныстарын мердігер компанияға жеткізді.
Айта кетейік, құрылыс жұмыстары НКОК компаниясының қаржыландыруымен жүргізіліп жатыр.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button