АТЫРАУДА

АТЫРАУҒА АСТРАХАННАН ДӘРІГЕРЛЕР МЕН ГУМАНИТАРЛЫ КӨМЕК КЕЛДІ

Ресейлік дәрігерлер  жылы лебізбен қарсы алғаны үшін аймақ басшысына ризашылықтарын білдірді, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Бүгін, 16 шілде күні Астраханнан Атырауға дәрігерлер мен гуманитарлық жүк жеткізілді. Өңірге барлығы бес медицина қызметкері келді. Облыс әкімі осындай  қиын-қыстау кезеңде келгендері үшін дәрігерлерге алғысын білдірді.

– Сіздерге және  Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкинге ерекше алғысымды білдіргім келеді. Қазіргі уақытта біздің дәрігерлеріміз алдыңғы шепте аянбай еңбек етуде, дегенмен, біразы қауіпті дертті жұқтырды, қалғаны індетпен күресу үстінде.  Атқарар жұмыс көп. Өңірімізге  сіздердің тәжірбиелеріңіз,  білімдеріңіз бен біліктеріңіз қажет. Сондай-ақ,  көп уақытқа келмегендіктен, өз істеріңізге бүгіннен бастап кірісесіздер. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, – деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.

Әңгіме барысында астрахандық дәрігерлердің  жұқпалы ауруларға арналған арнайы блокта тікелей КВИ жұқтырған науқастармен жұмыс істейтіндігі, сондықтан олардың  әріптестеріне кеңес берумен шектелмей, инфекция жұқтырғандарды емдеуге тікелей қатысатыны және «қызыл аймаққа» кіретіндігі айтылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мамандарды облыстық кардиологиялық орталық пен инфекциялық стационарда жұмыс істейтінін, қажет болса кейбір дәрігерлерді  аудандарға жіберетінін айтты.

– Бізді өте жылы қабылдағандарыңызға рақмет. Толыққанды жұмыс жасауымыз үшін  барлық жағдай жасалған. Өз кезегімізде  біз әріптестерімізге коронавируспен күресте көмектесу үшін бар күшімізді салуға тырысамыз және қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді дәрігер-маман Анна Чепель.

Айта кетейік, Астрахан облысының билігі Қазақстанға дәрігерлер тобымен қатар, гуманитарлық жүк жеткізді. Дәрігерлерге жалақы, тұрғын үй, тамақ және көлікпен байланысты барлық қажетті жағдайлар жасалды.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button