АТЫРАУДА

Атырауда бактериологиялық жабдықтар жетіспейді

Бұл туралы өңірге арнайы сапарлап келген еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс неонатологы Нишанкуль Божбанбаева айтты, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.

– Жалпы, мемлекеттік бағдарлама аясында бала өлімін төмендету мақсатында мониторинг жүргізіп отырамыз, – дейді Нишанкуль Сейтбекқызы. – Оған республикадан денсаулық сақтау саласындағы тәжірибелі сарапшылар мен білікті мамандар қатысады. Бұл жолы да соңғы екі жылда не өзгергенін көру үшін келдік. Сөйтіп, үш күн бойы облыстық перинаталдық орталық пен жеке емханаларды аралап шықтық. Байқағанымыздай, шешімін күткен мәселелер де, бірқатар жетістіктер де жоқ емес. Оң өзгерістерге келсек, материалдық жағдай едәуір жақсарған деуге болады. Инфекциялық бағалау бағытында да біраз жұмыстар жүргізілген. Мамандардың білімі жоғарылаған. Әйтсе де, өңірге әлі де болса бактериологиялық зерттеу жүргізуге қажетті жабдықтар жетіспейді. Бұл микробтарды дер кезінде анықтап, дұрыс ем-дом тағайындау үшін ауадай қажет.

Екіншіден, неонатолог, яғни, сәби күтуші мейірбикелердің біліктілігін арттыру мәселесі кезек күттірмейді. Бұл ретте, шетелге барып білім алу міндетті емес. Мықты мамандар жұмыс жасайтын медициналық орталықтар өзімізде де бар. Міне, сол жерден де тәжірибеден өтуге болады. Қалай болғанда да, дүниеге келген нәрестенің денсаулығы 80 пайыз мейірбикелерге байланысты болып келеді. Мәселен, шет елдерде мейірбикелер диагностика және басқа да маңызды ем-дом үрдістеріне тікелей араласа алады. Ал, бізде бұл жағы ақсап тұр. Себебі, білім жетіспейді. Алдағы уақытта соны толықтыру керек болады.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button