АТЫРАУДА

Атырауда ішімдік сатпаған дүкеншіні пышақтаған азамат жазаға тартылды

Атырау облысы Жылыой ауданы Қосшағыл селосында 31 жастағы азамат шамамен сағат 23.00-де  азық-түлік дүкенін жауып, жаяулатып үйіне қайтып бара жатқан, деп хабарлайды Depti.kz тілшісі.

Сол кезде көршісі қоңырау шалып, дүкенін ашуды талап етеді. 28 жастағы көршісі арақ ішімдігін сатып алмақ болған. Ауыл тұрғыны түнгі мезгілде дүкенді аша алмайтынын айтып түсіндіреді. Алайда әлгі ер адам оны еш себепсіз боқтап-балағаттап, араларында ұялы телефон арқылы келіспеушілік туындайды. Сөйтіп, екеуі үй маңынан кездесетін болып шешеді.

Дүкен иесі межелі орынға келсе, ішімдік аламын деп шу шығарған көршісінің жанында 30, 34 жастағы екі азамат бар.  Барлығы да бір-бірімен жақсы таныс.

Алдымен, ол өзін не себепті боқтап-балағаттағанын сұрайды. Ал, көршісі іс-әрекетін қайта бастайды. Ашуланған дүкен иесі алақанымен сол жақ бетінен бір рет ұрады. Көршісі қалтасынан пышақ шығарып, дүкеншінің сол жақ кеуде тұсынан сұғып, оған ауыр дене жарақатын салады. Қасындағы таныстары араша түсіп, жәбірленуші ауруханаға жеткізіледі. Қылмыстық іс сотқа жолданып, кінәлі тұлғаға сотпен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

– Ағымдағы жылы аталған Жылыой ауданы аумағында 5 денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері тіркелді. Қылмыстық істер бойынша, күдіктілер ҚР ҚК-нің 106 бабының 1 бөлігімен заң алдында қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл қылмыстардың басым бөлігі, бірге алкогольдік ішімдік ішкен адамдар арасында, үй ішінде, жұмыс жатақханаларында, құрылыс аймақтарында орын алып отыр. Ауыр дәрәжеде дене жарақатын алу медициналық критерилерге байланысты, сот-сарапшысының баға беруімен анықталады, – деді Атырау облысы полиция департаменті бастығы полиция полковнигі  Қамза Үмбетқалиев.

Мейірім ЕРДӘУЛЕТ,

Атырау облыстық ПД бөлім басшысы

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button