Қолдан қалыптасқан қымбатшылық

by Depti
0 views

1. Сырттан тасылатын тағам

«…Отандық ауыл шаруашылығы саласының ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ете алмауына қатысты айтылып жатқан сын өте әділ».

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

Ресми деректерге қарағанда, бүгінде отандық өнім өндірушілер ішкі нарықта бау-бақша дақылдарына сұраныстың 40 пайызын ғана қамтамасыз етеді. Өзгесін сырттан жеткізіп отырмыз. Президент Жолдауында отандық өнім өндірудің маңызы жөнінде тағы да айтылғаны сондықтан. Өйткені, бағаның бас бермей бара жатқан бір себебі осында. Ендеше, жағдайды жақсартудың жолы қане?

Нарық бәрін реттей ме?

Расында қазір сұраныстың ұсынысты тудыратыны туралы жиі айтатын болдық. Яғни, күнделікті тұтынатын нәрсеге қажеттілік қаншалықты көбірек десек, соның бәсі шарықтап шыға келеді. Тәуелсіздік табалдырығын аттаған өткен ғасырдың 90-шы жылдары осындай қағида қалыптасқан-ды. Бүгін де сол тұжырымға жабысып, енді айырылатын емеспіз. Шындығында, осы жөн бе?

ipapia

Әлемдік ақпараттан аңдағанымыздай, Еуроодақтың көптеген елінде нарықты да реттейтін нақты тетіктер бар екен. Дағдарыс кезінде азық-түлік пен қызмет көрсетудің жоғары және төменгі шекті мөлшері белгіленіп, содан шығып кетуге кәсіпкерлерге қатаң тыйым салынатын көрінеді. Немесе Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттерде алыпсатарлықты ауыздықтау жүйелі жүргізіледі. Құрамында АҚШ, Германия, Италия, Жапония, Франция, Түркия секілді алпауыт елдер бар бұл халықаралық қоғамдастықта бизнес бұғауланып отырмағандығы кәміл. Бірақ белгілі бір тәртіпке бағынады. Қазір Қазақстан да осы бірлестіктің бел ортасынан табылуға ұмтылуда. Ендеше, нарықтық қатынастарға деген көзқарасымызды біз де өзгертуіміз керек. Дүниежүзілік додадағы тәртіп басшылыққа алынуы шарт. Әрине, кәсіпкерлікке қырын қарау жараспайды, бірақ тұтынушыны да тұқырта берген дұрыс емес.

Ата Заңда айқын айтылғанындай, мемлекетіміздің басты құндылығы – оның халқы. Демек, алдымен соның мүддесі қорғалуы қажет. Ал, қазіргі қолданыстағы заңдылықтар ат төбеліндей кәсіпкерлерді қолдайды. Солардың сойылын соғады. Тексеруге тыйым салынған. Жаппай жағдайы жасалып жатыр. Жә, аяқтарын нық басып, ел экономикасына лайықты үлес қосатындай деңгейге жеткенше демеу керек те шығар. Бірақ, тұтынушы тағдырын кім ойлайды?

Кәсіпкерлердің көл-көсір табыс жолында кез-келген әрекетке баратындығы ықылым заманнан белгілі болған. Бұл ретте оларды қатаң шаралар да тоқтата алмайды. Әсіресе, маркстік ілімді қалыптастырғандар осы қағиданы ұстанған. «Ақша – тауар – ақша» түсінігі қазір де бар. Кейбір бизнес иелері қарабасының қамы үшін түрлі қитұрқы әрекеттерді жасап жүргені жасырын ба? Сапасыз зат шығару, өнім құнын қолдан қымбаттату күнде кездеседі емес пе?

Сайып келгенде, әр нәрсенің бағасы оны сатып алу қабілетіне сай болуы шарт. Статистикалық деректерге қарағанда, қазақстандықтардың дені табысының жартысын, тіпті одан да көбірегін азық-түлікке шығындайды екен. Ал, 11,3 пайызы бар ақшасын соған жұмсайтын көрінеді. Сонда халықтың басқа қажеті қалай қанағаттандырылмақ? Олардың денсаулығын түзеуге, әдемі киінуге, театр қойылымдарын тамашалауға, спорттық шараларды қызықтауға мүмкіндігі бар ма? Әлде тек тамағын тойдырғанын қанағат тұта ма? Әйтпесе, қазіргі қымбатшылық соған соқтырып отыр.

Шырғалаңнан шығар жол бар ма?

Халық атқарушы биліктен тұйыққа тірелген түйіннің тарқатылғанын талап етеді. Мемлекет тарапынан алынып жатқан шаралардың жеткіліксіздігін айтады. Президент те басжібін үзген қымбатшылыққа жауапты тұлғалардың да кінәлі екендігін бетіне басты. Сайып келгенде, тежеу тетігі жоқ па, әлде оралымсыздық орын алып отыр ма әйтеуір, жоғарыдан берілетін тым-тәуір тапсырмалардың жергілікті жерде орындалуы көңіл көншітпейді.

Бүгінде баға саясатымен бірнеше мемлекеттік құрылым айналысады. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, экономика, т.б. басқармалар қатар жұмыс жасайды. Алайда, бұл «қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері ме? Түптеп келгенде, солардың қайсысы кінәлі? Тап басып айту да қиын. Оның үстіне, лауазым иелеріне оңды-солды сөгіс бергеннен оңалып кеткен кеп көрінбейді. Одан да жүйені жөндеген жөн. Соның тиімділігін арттыру қажет.

Енді, Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң бұған жауапты орган ретінде Сауда және интеграция министрлігі белгіленді. Аты айтып тұрғанындай, о баста-ақ осы жұмысқа қабілетті құрылым емес пе? Оған бір ай мерзімде бұл бағытта бұрын да жұмыс жасап келген мекемелердің ісін үйлестіріп, азық-түлік тауарларының қозғалысы мен бағасына болжам және мониторинг жүргізетін құжат дайындау тапсырылды.

Мемлекет басшысы Жолдауында «Өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет» деп турасын айтты. Жалпы, ғалымдардың пайымдауынша, баға өсімінің бір себебі – дала өнімінің қалаға жеткілікті жетпеуі. Бұрын бейтаныс нарықтық қатынастарға кенет көшу салдарынан кеңестік кезде қалыптасқан берік байланыс бұзылды. Дихандардың жеміс-жидегін де, малшылардың төрт түлігін де ен даланы еркін кезген көлденең адамдар көтеріп алып, халыққа үстіндегі үстемесімен еселеп сатты. Қазір де солай. Өнім даярлау, оны сақтау, бастапқы өңдеу, тасымалдау тәрізді жүйе мүлдем жоқ. Бұл проблеманы кооперация арқылы шешуге талпыныс жасалғанымен, жаңа жобаның аяқтанып кетуі қиынға соғуда. Бірер гектар жерімен, жиырма-отыз қойымен қожайын атанып кеткендердің енді басын біріктіру оңай емес.

Мемлекет тарапынан осындай одаққа топтасқандарға өзгелерден өзгеше қолдау көрсетілуде. Бұл – басқаларды қызықтыру амалы. Әйтсе де, мұндай көмек бюджет қаражатын текке шашуға да ұқсап кетеді. Өйткені, нақты нәтижесін тұтынушы көріп отырған жоқ. Мүмкін жекелеген көрсеткіш бар шығар, бірақ толық қайтарым болмаған соң ақша ауаға кеткендей көрінеді. Жолдауда ашық айтылғанындай, еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуеті аса зор болғанымен, азық-түлік бағасын белгілеу және тарату тиімсіз. Әлдекімдер әдейі тежей ме, әлде орындауда оралымсыздық бар ма әйтеуір, қалалықтардың кенеліп жатқанын көрмедік.

Шаруагерлердің басы біріге ме?

Ал, енді шаруаларды қайтадан ортақ одаққа біріктіру мүмкін бе? Жақсы, кеңестік қағиданы көксегендей оны ұжымшар немесе кеңшар деп атамай-ақ қоялық. Бірақ, мемлекеттік бір құрылым қажет-ақ. Қазір ауыл шаруашылығына жұмсалып жатқан қаражаттың санынан шатастық. Әр жылы бәлен миллион, тіпті миллиард теңге бөлініп жатыр. Бәрібір жетпейді. Село кәсіпкерін әңгімеге тартсаң, аузына алдымен ақшаны алады. Ендеше, соны тиімді пайдалану жолын қарастырған жөн секілді. Мемлекет басшысының екінші деңгейдегі банктердің ауылды несиелендіруге құлықсыз екенін айтуы тегін емес. Әйтсе де, қолдаудан қайтарым күтетін кез келді.

Сонау жылдары Атырауда жағалай қауын-қарбыз егілетін еді. Онымен облыс қана қамтылып қоймай, артылғаны темір жолмен тасылып жататын. Демек, аймақ бұл өніммен толық қамтамасыз етілетін. Енді ше? Не өзгерді? Жайық соңғы үш-төрт жылда ғана тартылды. Оның алдындағы мезгілде суы арнасына сыймай, далаға жайылды. Табиғаттың осы мырзалығын да пайдаланбадық. Тіпті өңірде байырғы дихандардың ізбасарлары да қалмағандай. Енді соларды арнайы квотамен тыстан тасымалдамақпыз. Сырт дегенде, алдымен ойымызға өзбектер оралады ғой. Тегін емес, әрине. Қалтамыздан қағып, теңгемізді соларға санап береміз. Жалпы, ТМД елдері бойынша еңбек мигранттары жөнінен Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орында екен. Солардың ауқымды бөлігі Атырауда жүргендігі анық.

onim

Сайып келгенде, азық-түлікпен қамту – мемлекеттік маңызды мәселе. Халқына тамақ тауып бере алмаған елдің тәуелсіздігіне қатер төнеді. Дастарханға қояр асы болмаса, басқаға барып бас имегенде қайтеді? Әрине, мұндай сын сағаты Қазақ даласында соқпас. Әйтсе де, бүгінгідей бұйығы тірліктен айықпасақ, түбі тығырыққа тіреліп қалуымыз кәміл. Дегенмен, осы орайда жалған мәлімет, асыра сілтеу де қылаң бермей ме? Әйтпесе, статистикалық деректер мен күнделікті көрініс қабыспайтыны қалай? Тұрғындардың тағам тапшылығын тілге тиек етіп, оның бағасына шағымдануын Мемлекет басшысының өзі жоққа шығармаса, ақыры бір шикілік болғаны ғой.

Мәселен, қарапайым картоп неге тапшы? Рас, оны көп көлемде өсіруге республиканың кей өңірінде, соның ішінде Атырау да бар, табиғи жағдай сәйкес келмейді. Мамандар солай дейді. Алайда, тұтас елімізде осы өнімді өндіру көлемі 3 млн. 912 мың тонна екен. Тамақтану гигиенасы бойынша, әр адамға оны тұтыну мөлшері жылына 70 келі көрінеді. Демек, ішкі пайдалануға 1 млн. 330 мың тонна жеткілікті. Кептіруі мен шіруіне 15 пайыз, яғни 587 мың тоннасы (бұл да көп-ақ) шығындалады дегенде, қалған екі миллион тоннаға жуық картоп сыртқа шығарылатын секілді. Ау, өзіміз Ресей мен Беларусь елдерінің өнімін тұтынып отырғанда, бұл қайдағы экспорт? Тіпті, бағасына байланысты болар, сонау Пәкістаннан да тасимыз. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатысты деректер мен дәйектер жан-жақты саралауды қажет етеді. Президент те халыққа үн қатқанда қаржының қайтарымсыз кетпеуіне назар аударған-ды.

Ет өнімдерімен қамту мәселесі де өзекті. Кеңестік кезде Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу жөнінде бастама көтерілді. Шопандар шабындық пен жайылым жайын ойлап қиналды. Кейін одақ тараған соң бұл меже алынбады. Оның бер жағында жабайы жекешелендіру жүргізіліп, төрт түлік шөп жетпей қырылды немесе су тегінге сатылды. Әйтсе де, қазір құралақан емеспіз. Статистикалық деректерге қарағанда, мал басында едәуір өсім бар. Ендеше, неге шұжықты шалғайдан жеткіземіз? Ет қалбырларының тыстан тасымалдануы неліктен? Әлде бұл бағытта өңдеу орындары жоқ па? Бар екен. Бірақ солардың басшылары шикізат жоғына шағымданады. Ешкім етпен қамтамасыз етпейтін секілді. Сонда мал экспортынан не ұтып отырмыз? Төрт түлікті түгелімен таратып беріп, содан жасалған шұжық пен қуырдақты қымбатқа қайта сатып аламыз ба? Бұдан азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілмейді. Мемлекет басшысының Жолдауы бұл мәселені де қамтиды.

P.S.

Рас, өткен уақытта біраз іс тындырылғаны кәміл. Тәуелсіздік табалдырығында шашылған шаруашылық жинақталып жатыр. Ауыл адамдары өздеріне көрсетіліп жатқан қамқорлықты сезіне бастады. Мұндай қолдау алда да жалғасады. Өйткені, Жолдауда елді мекенге екінші деңгейдегі банктер енжарлық танытса, басқа қаржыландыру көзі табылатыны айтылған. Тек сол қаражатты жөнімен жұмсап, халықты арзан да, сапалы да азық-түлікпен қамтамасыз етуге жұмыстаналық. Президент көтерме-тарату орталықтарының жұмысын жандандыру қажеттігін айтты. Ендеше, келесі тақырып соған арналмақшы.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ,

журналист

You may also like

This material is not allowed for publication, broadcast, rewritten or redistributed. ©2021 PenciDesign. All rights reserved. Market data provided by Market.com. Powered and implemented by Web Design Solution. Legal Statement. News and Informations data provided by Example.Com