АТЫРАУДА

«Құтқарушылар» командасы Республикалық «Жайдарман» ойындарында ВИЦЕ-ЧЕМПИОН атанды

5 тамызда Нұр-Сұлтан қаласы «Бейбітшілік және келісім сарайында» Республикалық «Премьер-Лига» жайдарман ойындары өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2 сәуірде Республикалық «Жайдарман» ойындарының жартылай финалы өткен болатын. Жартылай финалда «А» және «Б» тобына бөлініп 10 команда сайысқа түсті. 10 команда арасынан озып шығып, Атырау облысының намысын қорғаған Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Құтқарушылар» командасы Республикалық финалдық ойындарға жолдама алған еді.
5 тамыз күні финалдық бәсекеде республиканың түкпір-түкпірінен жиналған, бүкіл маусым бойы сынақтардан сүрінбей өткен 6 команда бақ сынады:
1) «Төле би» (Түркістан облысы)
2) «Қарабау құрамасы» (Атырау облысы)
3) «Талант» (Орал қаласы)
4) «Ақсу» (Павлодар облысы)
5) «Күлкі фабрикасы» (Павлодар облысы)
6) «Құтқарушылар командасы» (Атырау облысы)
Финалдық ойын 2 сайыстан тұрды:
1) Сәлемдесу
2) Көрініс
Финалдық ойын өте тартысты өтті. Командалардың барлығы өте жоғарғы дайындықта келген.
Үздіктер жиналған дүбірлі додада өз топтарын алға жетелеу үшін, қатысушылар көрерменді күлкіге қарқ етіп, астарлы әзілдері мен тартысты ойын көрсетті.
Финалдық ойын қорытындысы бойынша,
• І орын – «Төле би» (Түркістан облысы) – ЧЕМПИОН
• ІІ орын – «Құтқарушылар командасы» (Атырау облысы) – ВИЦЕ-ЧЕМПИОН
• ІІІ орынды – «Талант» командасы (Орал қаласы) иеленді.
Сонымен қатар, бүкіл маусым бойынша «Үздік ойыншы номинациясын» «ҚҰТҚАРУШЫЛАР» жайдарман тобының капитаны Таскаиров Еркебұлан Серікұлы иеленді.
Ойын қорытындысы бойынша «Құтқарушылар» командасы Жоғары Лигага жолдама алды.
«Құтқарушылар» командасы күнделікті қызметінде тілсіз жаумен күресіп жүрген, батыл, ержүрек, намысты жігіттерден құралған команда.
Бүгiнде командада 7 ойыншы бар: Еркебулан Таскаиров., Шыңғысхан Мұқтасипов., Айтқали Байтүгелов., Мирас Байымбетов., Нұрбол Діңғуатов., Сұлтанбек Сабазов, олар – iрiктелген бiлiмдi де бiлiктi жiгiттер. Оларға сценарий жазып, бағыт-бағдар беретiн, команда жетекшісі – Бақтықожа Махбазов.
Тұрғындарды өрт пен судан қорғап қана қоймай, спорттық ойындарға да, мәдени шараларға да белсене қатысып, қоғамдық өмірді қатар алып жүрген жан-жақты, талапты да талантты жігіттерімізге ризашылығымызды білдіріп, алдағы уақытта тек жетістіктер тілейміз!

Атырау облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы

img 20210805 wa0104
img 20210805 wa0102
img 20210805 wa0103

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button