Атырауда Жайыққа батқан 8 жасар бала құтқарылды.
9 мамырда сағат 15:16-да Ракуша елді мекенінің тұрғынынан облыстық жедел жәрдем стансасына 8 жастағы баланың суға батқаны туралы хабар түскен. Белгілі болғандай, бір топ бала Жайық өзеніне шомылуға барған. Оның бірі суға батып кеткен. Жайыққа батқан баланы сол маңнан өтіп бара жатқан жүргінші құтқарып, дәрігерлер келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
«Шақыртуға жедел медициналық жәрдемнің дәрігерлік бригадасы жіберілді. Дәрігерлер 8 минуттан кейін шақырту орнына болды. Тексеру кезінде зардап шеккен 8 жастағы баланың суды көп мөлшерде жұтқаны анықталды. Дәрігерлер оны облыстық балалар ауруханасына жеткізді», -деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.