САРАПТАМА

«БЕРЕКЕДЕГІ» ЖАҢАДАН САЛЫНҒАН ҮЙДІҢ САПАСЫ СЫН КӨТЕРЕ МЕ?

«Береке» ықшам ауданындағы №44-ші тұрғын үйдің айналасындағы дау-дамай басылар емес.

Осыған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің жанындағы арнайы мониторинг тобы «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, Атырау қалалық әкімдігі «Береке» ықшам ауданынан 788 млн теңгеге сатып алған 9 қабатты ғимараттың апатты жағдайда екендігін айтқан еді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйдің құрылымын нығайту үшін тағы 30 миллион қажет. Ондағы 72 пәтердің 51-іне тұрғындар қоныстанып үлгерген. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі, мердігері – «Атырау Ж.Б.И. – 2005» ЖШС, техникалық қадағалауды «NURTAU» инженерлік бюросы» ЖШС, авторлық қадағалауды – «Атыраугенплан» ЖШС жүзеге асырған.

«2018 жылы тапсырыс беруші мен техникалық қадағалау іргетасты, ростверктерді (ғимараттың тірек қабырғалары астындағы темірбетон жақтаулары), жертөле және бірінші қабат бағаналарын, сондай-ақ, бірінші және ішінара екінші қабатта жақтауын салу кезінде, темірбетон арқалықтарының (беларқалардың) ұзындығы бойынша рұқсат етілген өлшемнен асып, иіліп кеткен жерлерін анықтады. Осыған байланысты мердігер «Техэксперт-Эко» ЖШС-не нысанды техникалық тексеруге тапсырыс берді. Олар құрылыстың көтергіш қабілеті осал екенін растады. Мамандар мердігерге құрылымды нығайтудың бірқатар шараларын ұсынды, бірақ мердігер оны ескермеді. Ал 2019 жылдың шілдесінде тапсырыс беруші, неліктен екені белгісіз, нысанды ескертпесіз қабылдады. Ақша мердігерге толық төленді«, – depti арнайы тексеріс жүргізген «Antykor ortalygy» мен «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары.

Алайда бүгін Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі Береке ықшам ауданындағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында берілген №44-ші тұрғын үйді тұруға жарамсыз деп таныған құзырлы органдардың тексеріс нәтижесін дәйексіз деп танып, тұрғындар үшін ешқандай қауіптің жоқ екендігін алға тартып отыр.

«Мәселенің мән-жайы тиісті мекемелердің қатысуымен анықталды. Дәлірек айтқанда, тұрғын үйдің астыңғы қабатындағы ригелін құю кезінде ағаш қалыпты тірейтін тірекшелер 4-5см түскен. Дер кезінде кемшілікті жою үшін, «Ұлттық экспертиза және сертификаттау орталығы» АҚ мен мердігер мекеме бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, бетон 103%-111 % мықты деп бағаланды. Бұдан бөлек, үшінші компания «ЭрЛи» мекемесі шақырылып, ригельге жасалған сараптама оң нәтиже берді. Авторлық қадағалаушы «АтырауГенплан» ригельге түскен салмақты есептеп, қорытындысы нормаға сай келетінін көрсетті. Сондай-ақ, «Атырау ЖБИ-2005» мердігер мекемесі тәуелсіз сарапшы мекемемен келісіп, тағы да қосымша тексеру жүргізу жоспарда бар», – depti Атырау облысының ӨКҚ.

Екі тарап – екі түрлі тұжырым. Баспаналы болғанына бақыттан басы айналған халықтың, жаңа пәтерге көшіп келер тұста үйдің сапасына деген көңілдерінде еш күдіктің болмайтындығы белгілі. Бастысы, жауаптылар кеткен қателікті мойындамай, тексерістің үстіне тексеріс қылып жүргенде алтын уақытты жоғалтып алмаса жарар еді.

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button