Қазақстанда

Елімізде «7-20-25» және «Баспана хит» бағдарламаларын қаржыландыру тоқтатылады

Елімізде «7-20-25» және «Баспана хит»  ипотекалық бағдарламаларын қаржыландыру тоқтатылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова айтты.

Ол мемлекет кредит бағдарламаларынан нарықтық қағидаттарды қолдана отырып біртіндеп бас тартуы керек деп мәлімдеді.

Әбілқасымова 2021 жылдың басында үкімет, Ұлттық банк және агенттік арасында 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіруге қатысты келісімге қол қойылғанын жеткізді.

Құжат 2023 жылдан бастап Ұлттық банктің мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан шығуын көздейді.

«2021 жылы жеңілдетілген кредит, «Баспана хит» бағдарламаларын, ал 2022 жылы «7-20-25″ бағдарламасын қаржыландыру аяқталады деп жоспарланып отыр», – деді Әбілқасымова Алматыда өткен Cfo Idea exchange & networking қаржылық блогының топ-менеджерлерінің саммитінде.

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы

«7-20-25» бағдарламасының бастапқы мақсаты – халықтың басым көпшілігі үшін қолжетімді тұрғын үй ипотекасын беру. Бағдарлама бойынша 2018 жылдың төртінші шілдесінен алғашқы кредиттерді беру басталды. 

Шарттары:

  • кредит бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7%-тен аспайды;
  • бастапқы жарна 20%-тен аспайды;
  • кредит мерзімі – 25 жылға дейін.

«Баспана хит» бағдарламасы

«Баспана хит» – бірінші және екінші нарықтағы, сондай-ақ үлескерлік құрылыс тетігі арқылы салынып жатқан үйді сатып алуға арналған ипотекалық бағдарлама.  

Бағдарлама ресми табысы бар 23-60 жас аралығындағы қарыз алушыларға бағытталған. Алдын-ала төлем 20 проценттен кем болмауы тиіс, ал мерзімі 15 жылдан аспауы керек. Мерзімінен бұрын өтеуге болады.

«Спутник Қазақстан»

Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button