Қазақстанда

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ ЖАҢА ТҮРІ БЕРІЛЕДІ

1 млн-нан астам қазақстандық 5500 теңгеден төлем алады.

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ағымдағы жылдың шілде айында азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін қаражат төлеуді көздейтін бұйрықты әзірлеп, қабылдады. Қазақстандықтар ағымдағы жылдың 20 шілдесінен бастап айдың соңына дейін банк карталарына төлем ала бастайды», – делінген хабарламада.

Бұйрық күшіне енген кезде 5 әлеуметтік топқа жататын азаматтар алушылар болады. Жергілікті атқарушы органдар қолда бар деректер негізінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтық алуға тиісті адамдардың тізімін жасайды. 

Содан кейін шілде айына, яғни шектеу шараларының қолданылу кезеңінде алушыларға сомасы 2 АЕК мөлшерінде төлем жіберіледі. 5 әлеуметтік топқа:

– атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;

 – медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар;

– медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрақты тұратын мүгедектерді қоспағанда, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер;

– мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдар;

 – жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органда тіркелген жұмыссыз азаматтар жатады.

Баспасөз қызметінің ақпаратынша, биыл наурыз айынан мамыр айына дейін бұл төлем 1 миллион адамға беріліп, жалпы сомасы 13,5 миллиард теңгені құрады.

 Естеріңізге сала кетейік, 14 шілдеде ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қазақстандықтарға азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін ақшалай қаражат төлеуді бастауды тапсырған болатын.

 Бұған дейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев короновирустық инфекцияның таралуына жол бермеу шараларын күшейтуді тапсырды. Табыссыз қалған қазақстандықтарды қолдау үшін жәрдемақылар, біржолғы төлемдер төленді, оның ішінде азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар берілді.



Тақырып бойынша мақалалар

Back to top button