Бұл туралы бүгін Атырау облысының өңірлік қызметінде өткен брифинг барысында белгілі болды.
Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қаныш Мамбетов және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Қадыржан Оразғалиев жергілікті кәсіпкерлерді толғандырған сұрақтарға жауап берді.
«12-16 тамыз аралығында карантин талабы тағы да күшеюі мүмкін. Әр тараптан түсіп жатқан ұсыныстардың барлығы ескеріліп, алдағы дүйсенбі күні жаңартылған Қаулы шығады деп жоспарланып отыр. Сондықтан сол уақытқа дейін «Ashyq» жобасына тіркелуге асығу қажет. Бұл үшін ірі сауда орнындағы әр бутик иесі «Инфо Атырау» сайтына өтініш жолдаса жеткілікті. Небәрі 10-15 минут ішінде QR-код беріледі. Соны қағазға басып шығарып, қолжетімді жерге ілу керек. Күзетші өз бақылауына алса, тұрғындар да жауапкершілік жүгін сезінеді деп ойлаймын. Себебі, бұл ең алдымен кәсіпкерлер мен тұтынушылардың денсаулығын сақтау үшін алынып жатқан қауіпсіздік шарасы. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды» деді Қаныш Қайргелдіұлы.
Сондай-ақ, «Ashyq» жобасына тек тіркеліп қана қою аздық етеді. Неғұрлым көп адамның мәртебесін анықтаған кәсіпкерлік нысандарға жұмыс уақытын екі сағатқа ұзарту секілді жеңілдіктер жасалуы мүмкін. Мұның бәрі нақтырақ жаңа Қаулыда көрсетілмек.
Айта кетейік, 26 сәуірден бері мыңға жуық кәсіпкерден «Ashyq» жобасына қатысуға өтінім түсіп, оларға QR-код берілген. Нәтижесінде, елуден аса «қызыл», 200-ге жуық «сары» мәртебесі бар адам анықталған. Ал, 11 маусымнан бері карантиндік шектеу шараларын бұзғандарға 2 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суретті түсірген автор